Қазақстанда көміртегі салығын енгізу ұсынылды

Жарияланды
Көміртегі салығы енгізілуі мүмкін / Фото: shutterstock

Қазақстанда еуропалық тәжірибеге ұқсас көміртегі салығын енгізу қажет. ECOJER аймақтық экологиялық бастамалардың қазақстандық қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжанов осылай деп мәлімдеді.

«Жасыл жобаның орташа ұзақтығы 5-7 жылды құрайтынын ескере отырып, 2030 жылға қарай белгіленген климаттық мақсаттарға қол жеткізу үшін жақын арада бірқатар шаралар қабылдау қажет… Қазақстан Республикасында Еуропадағы көміртегі салығына ұқсас салық енгізу арқылы экономиканың қосымша секторларында реттеуге болады. Осы арқылы парниктік газдар шығарындыларын саудалау жүйесін жетілдіру үшін заңнамаға өзгерістерді әзірлеуге болады», – деді спикер тұрақты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің орындалуын бақылау жөніндегі депутаттық комиссияның отырысы барысында.

Ұлттық көміртегі қорын құру ұсынылды

Сонымен қатар, Рүстем Қабжанов декарбонизация процессін қолдау үшін ұлттық көміртегі қорын құруды ұсынды. Бұл парниктік газдар шығарындыларын азайту жобаларына кепілдік берілген ақша ағынын қамтамасыз ету үшін керек. Сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларына квоталар бойынша ең төменгі және ең жоғары баға деңгейін белгілеу мүмкіндігін қарастыру мәселесін де көтерді. Оған қоса көміртегі бірліктерін кепілді сатып алу туралы бастама көтерді.

Бірлестік басшысы Қазақстандағы парниктік газдар шығарындыларын азайтудың бірден-бір тетігі қазіргі «шығарындыларды саудалау жүйесі» екенін атап өтті. Дегенмен, спикер қазіргі көміртекті реттеу жүйесі елеулі өзгерістерді қажет етеді деп есептейді.

«Шығарындыларды саудалау жүйесі» енгізіле ме?

Атап айтқанда, парниктік газ қалдықтарын «шығарындыларды саудалау жүйесі» (ETS) арқылы азайту бойынша қолданыстағы тетіктерде бірқатар шектеулер бар. Ол халықаралық міндеттемелерді орындау үшін жеткіліксіз. Саланы реттеу үшін квотамен басқарылатын қондырғылар қажет.

«Яғни, біздің жүйе парниктік газ қалдықтарының 43%-ын ғана қамтиды. Бұл тек жекелеген компаниялардың есебінен жалпы елдегі шығарындыларды азайтуға жүктемені арттырады. Олардың қатарында шамамен 200 компания бар. Нәтижесінде, 2026 жылдан бастап парниктік газдар шығарындыларына квоталарды жыл сайын 5%-ға қысқарту қажет, бұл 67,8 млн тонна көлемінде квота тапшылығына әкеледі деп күтілуде. Ол бүгінгі таңда берілген квотаның 42%-ын құрайды», – деді Қабжанов.

Оның пікірінше, салаға парниктік газдарды азайтуға байланысты жобаларды қаржыландыру көзінің болмауы жағымсыз ықпал етіп отыр. Атап айтқанда ақша ағынына кепілдік берілмеу – компаниялардың бұл жұмыстарға қызығушылық таныспауына алып келеді.

Еске сала кетсек, 2021 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстанда көміртегі салығын енгізу жоспары туралы айтқан. Оның сөзінше, көміртегі салығының көлемі СО2 тоннасына 100 еуроға дейін жоспарланған. Салықты қара және түсті металлургия өнімдерін, минералды өнімдерді, химиялық тыңайтқыштар экспорттаушыларға салынуы керек.

Еуропалық Комиссия 2021 жылы кең ауқымды Fit for 55 бағдарламасын ұсынды. Ол ЕО елдеріндегі парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылмен салыстырғанда 2030 жылға қарай 55%-ға азайтуға бағытталған. 2050 жылға қарай континенттің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жоспарланған.

Бүгінде ЕО-ға тауар экспорттаушылар көміртегі сертификаттарын сатып алуға мәжбүр. Олардың бағасы шығарылатын көмірқышқыл газының тоннасына сай еуромен есептеледі. 2020 жылдың соңында орташа баға шамамен 31 еуроны құрады.

Бұған дейін Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов АЭС-сіз көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мүмкін емес, деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз