Жаңалықтар

Ақтөбе қалалық мектебінің бас есепшісі 400 млн теңге залал келтіргені үшін 7 жылға сотталды – Антикор

мектеп бухгалтері
Мектеп бухгалтері жыл ішінде өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған / Фото: kursiv.media

Ақтөбе қаласының №55 мектеп гимназиясының бас бухгалтері 7 жылға сотталды. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агнеттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ақтөбе қаласының № 2 соты Ақтөбе қаласының №55 мектеп-гимназиясының бас бухгалтеріне қатысты үкім шығарды»,- делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот процесі ашық режимде жүргізілген.

Ақтөбе қалалық мектебінің бас бухгалтері аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпты деп танылған. Тергеу мәліметтеріне сенсек, ол 8 жыл бойы өзінің банктік шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасап келген. Нәтижесінде мемлекетке 413,8 млн теңге сомасында залал келтірілген.

«Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған, бұл бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30% -ын құрайды»,- деп хабарлайды агенттік.

Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сонымен бірге ол 10 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқара алмайды.

Жемқорлардан білім саласына келген залал көлемі қандай?

Жалпы елімізде Білім саласындағы жемқорлар 11 млрд теңгені жымқырған. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің ведомствоаралық кеңесінде айтылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген. 2020 жылдан бері білім саласындағы қылмыстық істер бойынша 143 адам сотталған. Мемлекетке келтірілген залал 11 млрд теңгені құрап, соның 5,2 млрд теңгесі өтелген.

Агенттік білім беру жүйесінде бюджет қаражатын тұрақты жымқыру қылмыстық схемаларын ашқан. Кейінгі үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаған, бұл 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет шығысының 28%-ын құрайды. Оған қоса білім саласындағы қызметкерлердің жалақысы өскен. Соған қарамастан ақша жымқыру фактісі азаймай тұр.

Антикордың мәліметінше, тек Жетісу облысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені ұрлаған. Қылмыстық топқа басшы және екі білім беру бухгалтері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтері кірген.

«Мұндай қылмыстық схемалар елдің барлық аумағында анықталды. Алматы, Шымкент қаласына, Қызылорда, Ақтөбе және Алматы облыстарында ірі көлемде қаржы жымқыру фактісі тіркелді», – делінген агенттік есебінде.

Өткен жылдың жазында Ақмола облысының білім беру саласында бухгалтерлер аса ірі мөлшерде ақша ұрлады деген күдікке ілінгені хабарланды. Ақпаратқа сәйкес, Бұланды балабақшасының бухгалтері кәсіпкерлермен ойдан шығарылған мәмілелер жасай отырып, туыстарының шоттарына ақша аударған.

Ақмола облыстық прокуратурасының дерегінше, екінші жағдай Степногорск қаласында анықталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, қала мектептерінің бірінің бухгалтері өз шотына 36 млн. теңге жалақы ретінде аударған.

Өткен жылдың тамыз айында Шымкенттік білім басқармасының лауазымды тұлғалары жүйелі жемқорлық қылмыстар үшін сотталды. Қалалық білім басқармасының мамандары А. Шиндаулов пен М. Мейірбеков субсидиялау шарттарына кедергісіз қол қойғаны үшін 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі сомада мектепке дейінгі мекемелердің басшыларынан жүйелі негізде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сонымен қатар, Департамент білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын жымқыру схемасын анықтады. Мәселен, екі қалалық мектептің бухгалтері 2020-2023 жылдар кезеңінде өзінің жеке шотына мектеп қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қорына бөлінген 67 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз аударған.