Мемлекет шығыны 450 млн теңгеге жуық: ХҚКО қызметкерлері шетел автокөліктерін заңсыз тіркеп келген

Жарияланды (жаңартылды )
шетел автокөліктерін заңсыз
Шетел автокөліктерін заңсыз тіркеген ХҚКО қызметкері мемлекетке 449 млн теңге шығын келтірген / Фото: shutterstock

Көкшетау қалалық ХҚКО қызметкері шетел автокөліктерін заңсыз тіркеп келген. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

«Екі азамат «Азаматтарға арналған үкіметтің» Көкшетау қалалық ХҚКО-ның бұрынғы маманымен алдын ала сөз байласып, жалған төлем құжаттарын қолдана отырып, алымдарды төлемей шетелден келген көліктерді бастапқы тіркеуді ұйымдастырған»,–делінген ҚМА хабарламасында.

Бұл істі Қаржы мониторингі агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті тергеген. Нәтижесінде жалған төлем-есеп айырысу құжаттары арқылы 68 көліктің заңсыз тіркелгені анықталған. Бастапқы тіркеу үшін төленбеген алым көлемі шамамен 449 млн теңгені құраған.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың 30 маусымында Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ алқа мәжілісінде Қазақстан жолдарында тіркеусіз жүрген көліктерді заңдастыруда қылмыстық схемалар орын алып жатқанын айтты. Президент құқық қорғау органдарына осы саладағы мамандармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп, аталған мәселемен жан-жақты айналысуды тапсырды.

Жалпы Қазақстанда 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді есепке алу науқаны басталған. Ол 1 шілдеге дейін жүргізілді. Содан кейін шетелден келген автокөліктерді заңдастыруға өтінім қабылдау тоқтаған болатын.

Ал ЕАЭО елдерінде есептен шығарылмаған көліктерді уақытша тіркеу 17 шілдеден басталды. Ол кезде ЕАЭО елдерінен келген, елімізде тіркеуге қойылмаған көліктерге бір айға дейін мүмкіндік берілген болатын. Жалпы, басқа елдерде бұрын тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған автомобильдерді 5 жыл мерзімге уақытша есепке қоюға мүмкіндік берілді. Уақытша есепке қою кезінде ҚР-дың көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және мемлекеттік нөмірлік белгілері берілді. Сондай-ақ 15 мың теңгеге жуық мөлшерде алым төледі.

Егер Қазақстан азаматтары осы автокөліктерді елімізде бастапқы тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылдаса, оны бұрынғы тіркелген елінде есептен шығарады. Оған утилизациялық алым төленбейді.

Жалпы, 23 қаңтар мен 30 маусым аралығында елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыруға өтінімдер қабылданды. Нәтижесінде есепке 206 мыңға жуық шетелдік автокөлік пен 14 мыңнан астам «автоконструктор» қойылған. Заңдастырылған автокөліктердің басым көпшілігі Кеден одағының құрамындағы – Ресей, Армения, Қырғызстан елдеріне тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз