Қарағандыда өрт кезінде 4 бала қайтыс болып, қылмыстық іс қозғалды

Жарияланды (жаңартылды )
Қарағандыда өрт кезінде 4 бала қайтыс болып, қылмыстық іс қозғалды / Қарағанды ТЖД

Қарағанды облысында өрт кезінде төрт баланың қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 23 ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Талды ауылында өрт болған. 2 пәтерлі бір қабатты тұрғын үйде 10 шаршы метр алаңда үй заттары, жиһаз, терезе және есік блоктары өртенген. Төтенше жағдай салдарынан 4 бала көз жұмды.

«Өрт салдарынан 2019, 2020, 2021, 2022 жылдары туған 4 бала қайтыс болды. Өрт шыққан кезде балалар үйде жалғыз болған», – делінген хабарламада.

Өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу іс-шаралары басталып, сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның себептері мен жағдайлары анықталып жатыр.

Астанадағы 5 қыздың өлімі

Айта кетейік, 2019 жылы 4 ақпан түнде Астана қаласы Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шығып, өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылған. Қайтыс болған балалардың ең кішісі небәрі 9 айлық болған. Бұл оқиға кезінде де 5 бүлдіршін өрт кезінде үйде өздері ғана болғаны анықталған. Себебі олардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткен.

6 ақпанда елордалық көп балалы аналар Үкімет үйіне барып, билікке бірнеше талап қойды. Олардың негізгі талабы көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету. Шаңырақтағы әр балаға айына 29 мың теңге (сол кездегі ең төменгі күнкөріс деңгейі) жәрдемақы төлеу болды. Кейін көп балалы әйелдер наразылығы Алматы, Шымкент, Ақтөбе және басқа аймақтарда жалғасты. Наразы әйелдер әкімдіктерге барып, әкіммен кездесуді талап еткен.

Аналар наразылығы үдеген тұста, 2019 жылы 21 ақпанда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті отставкаға жіберген. 28 ақпанда Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төленетінін айтқан еді.

Аягөздегі 4 баланың өлімі

Еске сала кетейік, 2023 жылы Абай облысының Аягөз қаласында бір үйдің 4 баласы иіс тиіп қайтыс болған.

«2023 жылғы 25 қазанда сағат 10:49-да ТЖБ күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне Аягөз қаласының жеке үйлерінің бірінде түтін шыққандығы туралы хабар келіп түсті. 6 адамнан тұратын құтқарушылар бригадасы дереу сол жерге кетті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен кейін бөлмелердің бірінде 20 ш. м. жиһаздар мен жеке заттары жанғаны анықталды. Өрт сағат 11:10-да оқшауланып, 11.24-ге толық сөндірілді. Өрттің себебі анықталуда. Оқиға орнында төрт баланың денесі табылды»,  – делінген хабарламада.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, өрттен 8 жастағы егіздер мен олардың 3 және 2 жасар бауырлары қайтыс болған. Бұл оқиғада да балалар үйде қараусыз қалған. Олардың әкесі жүргізуші, оқиға кезінде жұмыста болғаны айтылады. Ал анасы шаруаларымен базарға кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз