Еуропада қосымша табысқа да салық салу мәселесі көтеріліп жатыр. Жаңа заңның негізгі мақсаты қандай?

Жарияланды (жаңартылды )
«e-Salyq Business»
Еуропада қосымша табысқа да салық салу мәселесі көтеріліп жатыр. Жаңа заңның негізгі мақсаты қандай? / shutterstock

Bankrate қаржы компаниясы сауалнама жүргізіп, нәтижесінде әр 5 ересек америкалықтың екеуі қосымша табыс табатынын анықтады. Сауалнама қорытындысына сүйенсек, бір айдағы орташа табыс көлемі – 810 АҚШ доллары. Егер тек миллениалдарды (28-43 жас аралығындағы ересектер) ғана ескерсек, көрсеткіш 50 пайызға жетеді. Ал қосымша табысы бар зумерлер үлесі – 53 пайыз. 

Фриланс қалыпты дүниеге айналды

Қазір қосымша табысқа ешкім таң қалмайды. «Жұмыстан келе жатып, ала кететін» такси жүргізушілері, тамақ жеткізіп беретін студенттер, қосымша сабақ беріп, аударма жасайтын жас аналар көп. Кейінгі жылдары еңбек нарығында фриланс туралы жиі айтылатыны сонша, сәнге де айналғандай. Бірі оны төрт қабырғаға қамалмау, өзіңе ыңғайлы уақытта жұмыс істеу, өз уақтыңды өзің басқару деп романтизацияласа, енді бірі такси жүргізушілері, курьерлер де – фрилансерлер екенін ескермейді. Фриланс қалыпты дүниеге айналып, әлемде gig economy деген термин қалыптасып үлгерді. Ал биылдан бастап бұл термин бірқатар елдің заңнамасына да енді. 

Жыл басында Қазақстан үкіметі елдегі шағын кәсіп иелеріне, қосымша табысы барларға салық төлету мақсатында бірқатар жаңа ереже қабылдағаны барлығына белгілі. Жеке шотқа бір айда 100 аударымнан артық келсе, азамат есеп тапсыруға міндетті. Такси жүргізушілеріне жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге кеңес беріліп жүр. Бұл тек Қазақстанда ғана қолға алынып жатқан жоқ. Күні кеше Англияда курьерлер қосымша табысқа салық салу туралы заң жобасына наразылық танытып, ереуілге шықты. Алайда еуропалықтардың заң қабылдауына мүлде басқа себеп түрткі болып отыр. 

Еуропа еңбек құқығын қорғау үшін салық салу керек деген шешім ұсынған

Еуропада Deliveroo, Uber Eats, Uber мен Bolt жүйелеріндегі қызмет көрсетушілер мен тұтынушылар саны артқаны сонша, мәселе үкімет деңгейінде қарастырылып отыр. Бұған негізгі себеп ретінде келесі мәселені алға тартады. Еуропадағы такси, тамақ пен керек-жарақ жеткізу, үй шаруасына көмектесу мен тіпті ит серуендету сияқты қызметтер ұсынатын 500-ге жуық платформада тіркелген 28 млн жұмысшының құқығы қорғалмаған. Ал сарапшылар жұмысшылар саны екі жылда 43 млн-нан асып түседі деген болжам айтып отыр. Еуропа парламенті осынша азаматтың еңбек құқығы қорғалмауына бей-жай қарамау керегін түсіндіріп, есесіне азаматтар қосымша табысынан салық төлеу керек деген шешімге келген. 

Ақпанның басында Еуропа одағы мен Еуропа Парламенті жұмыс күші мен платформа арасындағы теңсіздікті реттеу мақсатында одаққа мүше елдерді «жұмыспен қамту презумпциясын» орнатуға міндеттеу бойынша келісімге келген еді. Дегенмен бұл ұсынысты барлық ел бірдей қолдамады. 

Пандемия кезінде онлайн қызметтерге сұраныс артты. Жоғарыда аталған платформалар да экономикалық тұрғыда күшейе түсті. Еуропарламенттің дабыл қағатын да жайы бар. Дижитал платформалардағы табыс 2020-2021 жылдары 500 пайызға өскенімен, платформалар арқылы тапсырыс алып, жаяу не велосипедпен тамақ тасығандардың қалтасы қалыңдай қоймады. Үкімет басшылары заң жобасының негізгі мақсаты да салық емес, азаматтардың еңбек құқығының қорғалмауы деп түсіндіреді. Аталған азаматтарға заң аясында арнайы статус беріліп, ресми қызметкерлер сияқты бірқатар құқыққа ие болмақ. 

Еуропарламенттегі баспасөз мәслихатында бұл жаңашылдықты ескі еңбек кодексінде еңбек шарттары мен әлеуметтік құқық туралы ережелердің болмауымен байланыстырды. 

«5,5 млн-ға жуық жұмысшы жеке кәсіпкер саналып кетуі мүмкін. Шын мәнінде олар кәсіпкер емес, олар да бір жұмыс берушіге тәуелді азаматтар. Ал бұл еңбек шарты нашар, әлеуметтік тұрғыда дұрыс қорғалмаған дегенді білдіреді», – деді Парламент өкілдері. 

Сарапшы пікірі

Осы ретте Еуропа Транспорт қызметкерлері федерациясының бас хатшысы Ливиа Спера жұмыспен қамту презумпциясы маңызды деген пікірін бөлісті.

«Uber, Uber Eats, Deliveroo сияқты басқа да платформалар арқылы табыс тауып жүргендерді компаниялар “автономды» қызметкерлер деп атайды. Өйткені, олардың айтуынша, қызметкерлер жұмыс уақыты мен мөлшерін өздері реттейді. Ал шынына келсек, жұмысшыларға жұмысқа қажет киім берілмейді, жұмысқа бармаймын немесе қандай да бір тапсырыстан бас тартамын десе, рейтингісі төмендейді. Төмен рейтинг–платформадағы тапсырыстан қол үзудің, тіпті платформадан шығарылудың тура жолы”, – дейді бас хатшы.

Бұл мәселе бойынша бірқатар жұмысшы сотқа да шағымданған, дегенмен сот шығыны қымбат әрі олардың пайдасына шешілері де екіталай. Спера бұл саладағылардың көбі иммигранттар екенін, көп жағдайда құқығы қорғалмайтынын ескеру керегін айтып өтті. Бұл жүйе кейде құжаты жоқ басқа да азаматтарды жұмысқа тартып, өзге атпен жұмыс істеу сияқты «схемалардың» іске қосылуына жол береді. 

«Гиг экономика» өкілдеріне ұсынылатын шарттар Еуропа одағындағы әр елде әртүрлі. Кейбір жұмыс берушілер әділ әрі ашық жұмыс істесе, екіншісі түрлі балама табуға тырысады. Ливиа Спера португалиялық компанияның аукцион түріндегі платформа жасап шығарғанын айтады. Бұл біздің нарықтағы InDrive қолданбасын еске түсіреді. 

Жаңа заң жобасында қаралып жатқан «Еркін жұмысшыларды» жалдамалы жұмысшылар қатарына қосу оларға ең төменгі жалақы, әлеуметтік қорғау, келіссөздер сияқты құқық береді. Алғашқы ұсыныста платформа қызметкерлеріне жаңа статус берілуі үшін сыртқы келбеті, өнімділігі, жұмысын ұйымдастыруы мен сыйақы алуы сияқты бес талапқа сай болуы керегі айтылған. Дегенмен бұл реформаға барлық тарап күмәнмен қарады. Компания иелері шығынды ойласа, үкіметтер әкімшілік жұмысқа бас ауыртқысы келмейді. 

Франция Еңбек министрі Оливье Дюссоп «жаппай қайта квалификациялау» өзін өзі жұмыспен қамтығандардың статусына нұқсан келтіру деген пікірін алға тартты. Сондықтан бұдан былай одақтағы әр ел жалдамалы жұмысшы деген статустың талабын өзі анықтайды деген шешімге келді. Бірақ Еуропа Транспорт қызметкерлері федерациясы азаматтың платформа арқылы табыс тауып жүрген факттың өзі жеткілікті және құқығы қорғалуы керек деген ойда. 

Енді Еуропа одағына мүше мемлекеттер ұсыныс заң ретінде қабылданбас бұрын ратификациялауы керек. Дегенмен Еуропаның түкпір-түкпіріндегі толқулар бұл процесті кешіктіре түсетінге ұқсайды.  

Сондай-ақ оқыңыз