Ұлттық қордың 60 млрд теңгесі Астанадағы «сақалды құрылыстарға» жұмсалған

Жарияланды
Шығарушы редактор
Ұлттық қордың 60 млрд теңгесі «сақалды құрылысқа» жұмсалған. Коллаж: kursiv.media

Ұлттық қордың 60 млрд теңгесі Астанадағы «сақалды құрылыс» мәселесін шешуге жұмсалған. Жалпы бұл мақсатқа 214,6 млрд теңге бөлінген. Бұл жайында Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттар сауалына берген жауабында жазылған. Ұлттық қордан қаржы бөлуге «сақалды» құрылыстың көптігі және оның халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер ететіні себеп болған көрінеді.

«Осы мақсаттарға 214,6 млрд теңге бөлінді. Ұлттық қордан – 60 млрд теңге, Республикалық бюджеттен – 38,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен– 38 млрд теңге, кредит қаражаты – 50,1 млрд теңге», – делінген хабарламада.

Нәтижесінде 2019 – 2022 жылдар аралығында Астанада проблемалық 118 нысанның құрылысы аяқталып, 12 мыңға жуық үлескердің баспана мәселесі шешілген.

Премьер-министр жауабында Ұлттық қор қаражаты қайтарымды негізде бөлінгенін, бұл Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында екенін атап өтеді.

Үлескерлер мәселесі қалай шешілмек?

Геннадий Шиповскихтің бастамасымен жіберілген сауалда үлескерлердің мәселесі көтерілген. Жауапта құрылыс компаниялардың заңнаманы айналып өтіп, үлескер қаражатын тартуына жол бермеу мақсатында Үкімет заңға бірқатар өзгеріс енгізетіні жазылған. Соның ішінде:

  • салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу;
  • үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін құрылыс жұмыстарын одан әрі тоқтата тұрып, айыппұл санкцияларын (300-ден 2000 АЕК-ке дейін) ұлғайту;
  • үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты болмаса, жарнамаға тыйым салу;
  • «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңын реттеу саласына «аз қабатты құрылыс» ұғымын енгізу бар.

Одан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабына өзгеріс енгізілмек. Заңдағы «құрылыс салушының және уәкілетті компанияның» деген сөздерді «заңды және жеке тұлғалардың» деген сөздермен ауыстыру жоспарланған. Ол риэлторлар мен заңсыз жарнама жасайтын тұлғаларды жауапкершілікке тартуға бағытталады.          

Қазіргі кезде Ұлттық қордың қаражатын құрылысы бітпеген нысандарға салуға болмайды. 2023 жылдың қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан мақсатты трансферттер тек маңызды инфрақұрылымды дамыту және республикалық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бөлінетіні туралы жарлыққа қол қойды.

Соған сәйкес, Ұлттық қор қаржысын «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ облигацияларын сатып алуды қоспағанда, басқа мақсатта пайдалануға тыйым салынады.

Мемлекет басшысы 2023 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық қорға жармаса беруді доғару керек деген болатын. Президент бұл туралы осыған дейін де талай рет айтқанын еске салды.

«Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаражаты. Біз оның ресурстарын тек қажет жағдайда, дағдарыс кезеңінде пайдалануымыз керек», – деді Президент.

2030 жылға қарай қорда 100 миллиард АҚШ долларын жинақтау мақсаты қойылған.

Сондай-ақ оқыңыз