Eolus криптовалюта пирамидасының өкілі 535 астаналықты алдағаны үшін 6 жылға сотталды

Жарияланды
Eolus криптовалюта пирамидасының өкілі сотталды/kursiv.media

Eolus криптовалюта пирамидасының Астанадағы құрылымдық бөлімшесін басқарған азамат 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Алаяқтан тәркіленген 187 млн теңге мемлекеттік қазынаға жолданды.

Қаржы мониторингі агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаскүнем 2023 жылы Еnergy Еolus Qazaqstan cеріктестігін тіркеп, жеке тұлғалардан «АҚШ-та орналасқан жаңартылатын энергия көзіне қаржы құясыз» деген желеумен криптовалюта түрінде инвестиция тартқан. Инвесторлардың сеніміне кіру үшін алаяқ шетелдік хакерлер әзірлеген energyeolus.info платформасын қолданған. Осы платформа арқылы инвесторларға қаржыны есепке алу мен үлестіру операциясы жүріп жатқаны туралы жалған ақпарат беріп отырған.

Криптовалюта пирамидасының өкілі Астана қаласының 535 тұрғынын сан соқтырған.

«Сот шешімімен 187 млн теңгеге тең 408 мың доллар көлеміндегі криптовалюта мемлекет пайдасына тәркіленді. Сот үкімімен ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, оған мүлкі тәркіленіп, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 5 жыл мерзімге азаматтардың қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінді агенттіктің Instagram парақшасында

Істің бастауы

Естеріңізге салайық, 2023 жылғы 9 қарашада Қазақстанның 10 өңірінде Еnergy Еolus Qazaqstan ЖШС атын жамылған криптовалюта пирамидасына қатысты іс тергеліп жатқаны жарияланды. Сол кезде Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарының тұрғындары алданғаны белгілі болды. Сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларының тұрғындары алаяқтарға алданып қалған.

ҚМА хабарлауынша, алаяқтар салымшылардың санын көбейту үшін бастапқыда инвесторларға жинақталған сомадан күн сайын 2,5-3,5% сыйақы беріп отырған.

«Инвесторға жаңа салымшы тартқан сайын 10% сыйақыға ұсынылған. Бұған қоса жаңа салымшының бір жылдағы күнделікті табысының 4%-ы бірреттік
төлем ретінде берілген. Осылайша сыйақы мөлшері жылына 3 мың пайызға дейін жеткен. Қазақстандағы өкіл қаражатты екінші деңгейлі банктегі шот арқылы қабылдап, криптовалюта биржасына аударған. Осы жерден
конвертация жасап, energyeolus.top платформасындағы жеке шотына жолдаған», – деп нақтылаған болатын агенттіктің баспасөз қызметі.

Сол кезде Eolus криптовалюта пирамидасына 3 мыңға жуық азамат қаржы құйғаны белгілі болған. Оның 1 773-і 259 млн теңге залал шеккені туралы полицияға арыз жазғаны жарияланған.

Egov-та Еnergy Еolus Qazaqstan ЖШС 2023 жылғы 13 шілдеде тіркелгені көрсетілген. Жетекшісі Аубакирова Раушан Бөгісханқызы деп нақтыланған. Ал мекенжайы деген бағанда Астана қаласы, Есіл ауданы, Түркістан көшесі 8/2 үй 11- тұрғын емес үй-жай деп жазылған.

Ұқсас жағдайлар

Басқалардың жарнасы арқылы салымшыларын байытуға уәде берген «Свой дом» қаржы пирамидасын құрғандарға сот үкімі шыққанын жазғанбыз. Олар салымшыларға 49 млн теңге шығын келтірген.

Қаржы пирамидасын құрғандар басқалардың жарнасы арқасында салымшыларды байытпақ болғаны анықталды. Олар инвесторларға салған ақшадан 40% пайда алуға уәде берген.

Қылмыстық іс бойынша екі адам күдікті деп танылып, сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Бұған дейін «Елімай-2019» тұтыну кооперативін ұйымдастырушы ерлі-зайыптылар екі жыл бойы 3 мыңға жуық салымшыны алдаған. Олар 1,5 млрд теңгеден асатын қаражатын заңсыз пайдаланғаны әшкере болған.

Сондай-ақ оқыңыз