Қаңтар оқиғасынан кейін премьерліктен кеткен Асқар Маминге Ұлттық Олимпиада комитетінен лауазым бұйырды

Жарияланды (жаңартылды )
Асқар Маминге Ұлттық Олимпиада комитетінен лауазым бұйырды / primeminister.kz

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Асқар Мамин Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті болып сайланды. Бұл оның 2022 жылғы қаңтар оқиғасына байланысты Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы қызметінен кеткеннен кейінгі бірінші қызметі.

Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас ассамблеясының отырысында бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин қысқы спорт түрлері бойынша комитеттің вице-президенті болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының басшысы Данияр Әбілғазин жазғы спорт түрлері бойынша вице-президент болды.

Еске сала кетсек, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Асқар Мамин 1965 жылы қазанда дүниеге келген. Целиноград инженерлік-құрылыс институтында және Ресей үкіметі жанындағы халық шаруашылығы академиясында білім алған. Көлік және коммуникация министрі, Астана қаласының әкімі, «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті қызметтерін атқарған.

2019 жылы Мамин ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды, ал 2021 жылы бұл қызметке қайта келді.

2022 жылдың қаңтар оқиғасы тұсында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің отставкасын қабылдады. 2022 жылы 11 қаңтар күні Премьер-министр қызметіне Маминнің орнына Әлихан Смайылов тағайындалды.

Асқар Мамин 2022 жылдың наурыз айына дейін Президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшесі болды.

Бұған дейін танымал боксшы Геннадий Головкин Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болып сайланды. Аталған қызметті қазақстандық миллиардер Тимур Құлыбаев атқарып келген.

2024 жылдың қаңтар айының ортасында депутат Ермұрат Бапи Премьер-министрден Ұлттық Олимпиада комитетіне тексеру жүргізіп, Тимур Құлыбаев пен оның «олигарх достарын» ол жерден шығаруды талап етті.

Депутат комитеттегі «бұрынғы Қазақстан» өкілдері қазақ спортшыларының жетістіктеріне жағымсыз әсер ететінін айтты. Былтыр Қазақстан спорт саласын жемқорлық жайлаған елдердің ондығына енді.

Ақпан айының басында ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мәжілісмендердің сынына жауап берді. Сол тұста ұйым үкіметтің ҰОК ісіне араласуы заңсыз және ел имиджіне кері әсер етуі мүмкін деп мәлімдеді.

Осыдан кейін Олимпиадалық спорт федерациялары ҰОК басшысы лауазымына боксшы Геннадий Головкиннің кандидатурасын ұсыды.

Қазақстан ҰОК-ы 1990 жылы құрылып, 1993 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне мүше болды. Комитетті 2015 жылдан бері Тимур Құлыбаев басқарып келген. 

Сондай-ақ оқыңыз