Қазақстандық брокерлердің активтері 22%-ға өсті

Жарияланды
Брокерлік компаниялардың активтері 22%-ға өсті / Фото: архив kursiv.media

Қаңтар айының соңында қазақстандық брокерлік компаниялардың активтері 22%-ға өсті. Көрсеткіш 2023 жылғы ақпандағы 439 млрд теңгеден 2024 жылғы ақпанда 537 млрд теңгеге дейін артты. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі есебінде жазылған.

Компаниялардың міндеттемелері 42%-ға өсті. Өткен жылдың ақпан айында олар 140 млрд теңгені құраған. Қазір 199 млрд теңгеге жетіп отыр. Компанияның меншікті капиталы 12,7%-ға артты. Яғни, 299 млрд теңгеден 337 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар, компаниялардың активтері мен міндеттемелері желтоқсанда жоғары динамика көрсетті. Ал қаңтарда төмендеді. Мәселен, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша брокерлердің активтері 568 млрд теңгені құрады. Ал 1 қаңтарда – 574 млрд теңге болды. Дәл бір ай өткен соң 1 ақпанда – 537 млрд теңгені құрады.

Ұлттық банктің мәліметінше, қаңтарда Halyk Finance (-13 млн теңге), First Heartland Capital (-291 млн теңге), Astana-Invest, UD Capital, SkyBridge Invest, N1broker, Private Asset Management сияқты компаниялар шығынға ұшыраған.

Қаңтар айының соңында NGDEM Finance (1,1 млрд теңге), BCC Invest (418 млн теңге), Jusan Invest (371 млн теңге), Freedom Finance (276 млн теңге) компаниялары керісінше пайда тапты.

Еске сала кетсек, 2023 жылы наурыз айында Қазақстандағы брокерлік шот саны 23,4 пайызға өсіп, 1,19 миллионға жетті. Бұл туралы Орталық депозитарий хабарлады.

1,19 млн брокерлік шоттың 680 мыңы – ұстаушылардың сегрегацияланған қосалқы шоттары болса, қалған 508 мыңы –  агрегацияланған омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын брокерлік шоттар. Жыл басынан бері қосалқы шоттар 130 мыңға өскен.

Сондай-ақ оқыңыз