Жаңалықтар

Астана арнайы экономикалық аумағында әскери көлік құралдары өндіріледі

Астана АЭА
Астана АЭА әскери жауынгерлік көлік құралдары өндірісі жүзеге асырылады / shutterstock

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы экономикалық аймақтар (АЭА)аумағында жүзеге асырылатын қызметтің басым түрлерінің тізбесін әзірлеп, арнайы экономикалық аймақтар бөлінісінде қызметтің басым түрлерінің тізбесін жүргізу қағидаларын бекітті. Оған сәйкес Астана АЭА-сында әскери жауынгерлік көлік құралдары мен машиналар, жабдықтар өндірісіне басымдық берілмек. Бұл жайлы министрлік сайтында жарияланған құжатта жазылған.

Министрлік әр экономикалық аймақтың басым бағыттарын бекіткен. Құжатта барлығы 14 экономикалық аймақ бар. Олар:

  • «Астана-жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағы;
  • «TURAN» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» арнайы экономикалық аймағы;
  • «Alatau» арнайы экономикалық аймағы.

«Астана  – жаңа қала» АЭА

«Астана  – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылатын тізбеге әскери жауынгерлік көлік құралдарын өндіру қызметі кірген. Әскери жауынгерлік көлік құралдарынан бөлек бұл аймақта машиналар мен жабдықтар өндірісі, тұрмыстық электр аспаптар өндірісі, химия өнеркәсібі, металлургия өнеркәсібі, электр жабдықтарын, оның ішінде электр жарықтандыру жабдықтарын өндіру, жарықтандыру аспаптарына арналған шыны компоненттерін өндіру, тамақ өнімдерін өндіру, ағаш массасы мен целлюлоза, қағаз және картон өндіру, автокөлік құралдарын, трейлерлерді және жартылай тіркемелерді өндіру, теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрам өндірісі, әуе және ғарыштық ұшу аппараттарын өндіру, электрондық бөлшектерді өндіру, медициналық құралдарды, аппараттар мен жабдықтарды өндіру сынды тағы да басқа қызмет түрлері жүзеге асырылады.

«Ақтау теңіз порты» АЭА

Ал «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында тұрмыстық электр аспаптарын, химия өнеркәсібі өнімдерін, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруге, дайын металл бұйымдары мен машиналар мен жабдықтар өндірісіне, мұнай-химия өнімдерін өндіруге, аквамәдениетке, қонақүйлермен және тұру үшін ұқсас орындармен қызметтер көрсетуге және т.б. қызмет түрлеріне басымдық берілмек.

«Инновациялық технологиялар паркі» АЭА

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында деректер базасы мен аппараттық құралдарды жобалау, әзірлеу, енгізу және өндіру, бағдарламалық қамтамасыз етуді жобалау, әзірлеу, енгізу және өндіруге маңыз беріледі. Сонымен бірге серверлік инфокоммуникациялық жабдықты пайдалана отырып, ақпаратты электрондық нысанда сақтау және өңдеу жөніндегі қызметтер, яғни дата-орталықтардың қызметтері осы аймақта дамиды. Заманауи жасанды иммундық және нейрондық жүйелер негізінде жаңа ақпараттық технологиялар да осында құрылмақ.

Сондай-ақ ақпараттық технологиялар, телекоммуникациялар және байланыс, электроника, аспап жасау, жаңартылатын энергия көздері, ресурс үнемдеу және табиғат пайдалану, жаңа материалдар жасау және қолдану, мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу, ғылым саласындағы уәкілетті орган осындай материалдарды жүргізу, мәтіндерді өңдеуге арналған машиналар, көшіру-көбейту жабдықтары, адрестік машиналар, калькуляторлар, кассалық аппараттар, таңбалау машиналары, билет-кассалық машиналар өндірісі, ақпаратты өңдеуге арналған басқа да офистік машиналар мен жабдықтар, электрондық есептеу машиналары мен өзге де жабдықтар өндірісі де осы аймақта жолға қойлатын болады.

«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» АЭА

«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» арнайы экономикалық аймағында – автомобильдер мен мотоциклдерді қоспағанда, көтерме сауда, бөлшек сауда, жүктерді сақтау және қосалқы көлік қызметі, қаржылық қызметтер, туроператорлардың, турагенттердің және туризм саласында қызмет көрсететін өзге де ұйымдар қызметі жолға қойылады. Сонымен бірге мұнда азық-түлік өндірісі, минералды сулар мен басқа да алкогольсіз сусындар өндірісі, дайын тоқыма бұйымдарын өндіру, киім өндірісі, фармацевтикалық препараттар өндірісі, велосипед және мүгедектер арбалары/креслолар өндірісі жүзеге асырылады.

«Alatau» арнайы экономикалық аймағы

Ал өткен жылдың аяғында құрылған «Alatau» арнайы экономикалық аймағында балықты, шаян тәрізділерді және моллюскаларды өңдеу және консервілеу, кілемдер мен кілем бұйымдарын өндіру, тоқу өндірісі, маталар мен тоқыма бұйымдарын әрлеу, аяқ киім өндірісі, ағаш массасы мен целлюлоза өндірісі, қағаз және картон өндірісі, гофрленген қағаз және картон, қағаз және картон ыдыстарын өндіру, асбестцементтен және талшықты цементтен жасалған бұйымдар өндірісі, бетоннан, құрылыс гипсінен және цементтен жасалған өзге де бұйымдар өндірісі, тұрғын және тұрғын емес ғимараттар салу, су құрылыстарын салу, жүктерді сақтау және сақтау секілді қызмет түрлеріне басымдық беріледі.

Еске сала кетсек, Алатау экономикалық аймағын құру үшін Жетіген кенті Алатау қаласы боп өзгерді. Үкіметтің арнайы қаулысы қарашаның ортасында шыққан болатын. 2048 жылға дейін АЭА шеңберінде: шамамен 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту; құны 17 трлн теңгеден астам қызметтер мен тауарлар өндіру; 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.