Қырғыз үкіметі той өткізудің бірыңғай стандартын енгізуді ұсынып отыр

Жарияланды
Қырғыз үкіметі той өткізудің бірыңғай стандартын енгізуді ұсынып отыр/ Фото: gov.kg

Қырғыз Үкімет басшысы Ақылбек Жапаров мәдениет министрлігінің алқа отырысында той өткізу дәстүрін ретке келтіру жайлы сөз қозғады.  

Министрлер кабинеті төрағасының айтуынша, бүгінгі күні қырғыздардың тойлары асабаның құзіретіне не болмаса той иелерінің қалауына байланысты өтеді. Осыдан барып қырғыз тойларының мазмұны дәстүрден алшақтап барады.

Ақылбек Жапаров той шетелде өтсе де, Қырғызстанда өтсе де, бірдей болу керек деген ойын ортаға салды.

«Салт-дәстүр бірдей болу керек. Қырғыздар тұсау кесер, қыз ұзату, үйлену тойларын тойлайды. Тойды бәрі бірдей салт-дәстүрге сай өткізсе жақсы… Әр асаба тойды қалауынша өткізеді. Әр отбасы мәдениетінің деңгейі шамасында өткізіп жүр. Піл болса, оны да той залына кіргізер еді. Тойханаға тіпті ат кіргізеді. Той өткізуді ретке келтіру керек. Елге келген туристер немесе өзіміз шетелге шықсақ та, шетелдіктер біздің салт-дәстүрімізді тойларға қарап бағалайды», – деді Ақылбек Жапаров.

Бұған дейін Ақылбек Салымбеков те той мәселесін көтеріп, тойларды бір сценариймен өткізуді ұсынған. Ол тойда ұзын-сонар тілек айту келгендерді шаршататынын айтқан болатын.

Еске сала кетер болсақ, Қырғыз билігі той өткізуді 2022 жылдан бастап ретке келтіре бастаған. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров елдегі шенеуніктерге той және құдайы тамақ үстінде мал бауыздауға тыйым салатын жарлыққа қол қойған.

 Сондай-ақ той өткізудің түрлі формасы кездесуі қазақтар үшін де таңсық емес. Қатардан қалмайық деген желеумен әдемі тойхана, жүздеген адам шақырып, аста-төк той жасау салтқа айналып барады. Үйлену той, сүндет той болсын, халық кредит алып шығындалатын болған. Кез келген несие жауапкершілікті талап етеді. Ал қыруар қаржыға той жасау бақытты өмірдің кепілі болмайтыны тағы бар.

Сондай-ақ оқыңыз