Қазақстанда смартфондардың 90%-ы бөліп төлеуге немесе несиеге алынады

Жарияланды
Қазақстанда смартфондардың 90%-ы бөліп төлеуге немесе несиеге алынады / shutterstock

Қазақстанда жыл сайын сатылымға шығатын смартфондардың 90%-ы бөліп төлеуге немесе несиеге алынады. Бұл туралы Freedom Mobile компаниясының сапаны бақылау бөлімінің басшысы Біржан Смажан айтты.

Оның сөзінше, 2023 жылы смартфондардың 77,5%-ы онлайн сатылса, қалған 22,5% оффлайн сауда кезінде алынған. Қазақстан қалалары ішінде ең қымбат смартфондарды Атырау, Ақтөбе және Қызылорда қаласының тұрғындары алады. Ал Петропавл мен Өскемен тұрғындары көбіне арзан смартфондарды сатып алады.

2023 жылы Қазақстанда 3 749 000 смартфон сатылған. Олардың жалпы құны 689 175 000 000 теңге. Орташа есеп алғанда 3 адамнан тұратын 1 отбасында 5 смартфон бар. 2022 жылмен салыстырғанда смартфондар бағасы 8% өскен.

Қазақстандықтардың 86,3%-ы Android смартфондарын таңдаса, 13,7% IOS смартфондарын сатып алған. Бір қызығы, Android смартфондарының 8%-ы заңсыз сатылым арқылы келсе, IOS смартфондарының 40%-ы заңсыз сатылған.

«Яғни IOS смартфондарының 40% бөлшек саудагерлер шетелден алып келіп сатқан. Бұл заңсыз сатылым деп есептеледі. Себебі оның бағасы арзан болғанымен, дұрыс жұмыс істеп тұруына және жөндеу жұмыстарын жасауға ешкім кепілдік бере алмайды», – деді Біржан Смажан.

Несие қарызы және оны кешіру

Еске сала кетсек, Бірінші несие бюросының дерегінше, 2023 жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша жеке тұлғалардың несие портфелі 18,5 трлн теңгеге жетті. Бұл – банк, микроқаржы ұйымы, басқа да қаржы ұйымдарының алдындағы жиынтық берешек.

Қазақстанда халықтың несие қарызын мемлекет есебінен кешіру науқаны қайталанбайды. ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова осылай деп мәлімдеді

«Өкінішке қарай, 2019 жылы несие қарыз кешірілгеннен кейін біздің қаржы секторындағы несие көлемі, соның ішінде төленбеген проблемалық несие үлесі тағы да өсті. Сондықтан мемлекет есебінен қайта-қайта кешіре берсек, жаңа несие алатындар қатары одан сайын артады», – деді журналистер сауалына берген жауабында.

ҚНРДА басшысының айтуынша, проблемалық қарыз алушылардың мәселесін шешу міндеті қазір қаржы институттарына жүктелген. Олар 1,449 миллион проблемалық қарыз алушымен жұмыс жоспарын дайындапты. Бұл жұмыста кейінгі жылдары еш төленбеген проблемалық несиені баланстан шығару мүмкіндігі қарастырылған. Әбілқасымова мұны қаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен жүзеге асыратынын атап өтті.

Соңғы екі жылда Қазақстан банктерінде несие алу операциялары депозит алудан екі есе көп болған. Бұл туралы Алматыда өткен конференцияда S&P Global Ratings халықаралық сараптама агенттігі өкілі Сергей Вороненко айтты.

«Бірінші кезекте несие алу мен депозит ашудағы айырмашылыққа мән берулеріңізді сұраймын. Соңғы екі жыл ішінде бөлшек несие портфелі шамамен 30-40% өссе, бөлшек депозит ашу портфелі 2022 жылы 16% өскен. Бұл бөлшек несиелеуден екі есе төмен», – дейді Сергей Вороненко.

Оның айтуынша, елдегі қарыз жүктемесі жылдам өсіп, халықтың әл-ауқаты оған ілесе алмай келеді. Әсіресе табысы төмен қазақстандықтар қарыз құрсауында қалып қойған. Сарапшылар бөлшек несиелеуді бақылауға алып, оның көлемін азайту қарыз жүктемесін жеңілдетуі мүмкін екенін айтады. Егер осы бағытта жұмыс жалғаса беретін болса, қарыз жүктемесі 1%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз