Үкіметте ауылдық жерлердегі медициналық мекемелердің жағдайы талқыланды: Бектенов кімді сынады?

Жарияланды
Үкімет ауылдық жерлердегі медициналық мекемелердің құрылыс қарқыны талқыланды / Фото: архив kursiv.media

Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру қарқыны қаралды. Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл мәселе осыған дейін бірнеше рет талқыланған. Алайда әзірге нақты нәтиже жоқ.

Өткен жылы 309 объектіні салу жоспарланған болатын. Бірақ жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары ұзаққа созылған.

«Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ», – деді Үкімет басшысы.

«Әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр»

Бектеновтың дерегінше, Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де кешігіп жүзеге асырылуда. Сондықтан ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері шегерілді.

«Соның салдарынан өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ. Әлі күнге дейін 7 объект аяқталмады. Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Қазіргі таңда 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын. Оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр», – деді Олжас Бектенов.

Ал құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Алайда, Бектеновтың айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді.

Медициналық ұйымдарды жабдықтау кезінде отандық өндірушілерді тарту қажет

Бұл тұста Үкімет басшысы медициналық ұйымдарды жиһаздармен және құрылыс материалдарымен жабдықтау кезінде отандық өндірушілерді белсенді түрде тарту қажет деп есептейді.

«Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдары отандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен сатып алып, өзіміздің қазақстандық тауар өндірушілерге, оның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге тиіс. Қор басшылығының назарын, бірінші кезекте осыған аударғым келеді. Өткен аптада ғана жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Әбдікәрімова Салтанат «Самұрық-Қазына» қорының тауар сатып алу саясатын сынға алып, конкурстарда шикіліктің барын айтып шағымданды. Мен кәсіпкерлердің пікірін қолдаймын. Біз осы саладағы жағдайды түбегейлі өзгертіп, отандық өндірушілерді қолдау жүйесін құруға тиіспіз», – деп атап өтті.

Ұлытау облысында ашылуы керек 5 фельдшерлік-акушерлік пунктінің төртеуі дайын емес

Осыдан кейін Үкімет отырысында тиісті мерзімде құрылысты аяқтамаған өңірлерді мәселесі қаралды. Мәселен, Ұлытау облысында өткен жылы өңірде 5 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылуға тиіс болатын. Оның төртеуі әлі күнге дейін аяқталмады. Облыс жыл бойы нәбері бір-ақ объектіні пайдалануға берген.

«4 объектінің құрылысы қыркүйекте ғана басталған. Әкімдік ұлттық жобаның орындалуын бақыламай отыр деп санаймын. Жыл соңына дейін тағы 15 объекті салынуы қажет. Берік Әбдіғалиұлы, не дейсіз?», – деп сұрады Бектенов.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аталған 4 нысан бойынша маусымда бір мердігер жеңгенін жеткізді. Оның құрылыс барысында сапасыз материалдарды қолданғаны анықталған.

«Осыған байланысты құрылыс монтаж жұмыстары орындалмай, уақытылы орындалмай шартты бұзуға мәжбүр болдық. Қазіргі таңда мердігерді жосықсыз деп тану туралы сот процесі жүріп жатыр. Қалған жұмыс көлемін аяқтау үшін конкурс жарияланды. Мердігер 13 наурызда анықталады деп жоспарланып отыр. Жалпы нысандардың дайындығы – 75-80%. Яғни ішкі әрлеу, абаттандыру жұмыстары қалды. Нысандарды аяқтауға қажет 120 млн теңге облыс бюджетінен қарастырылған», – деді өңір басшысы.

Бұған дейін 104 мекемеге 73 млн теңге айыппұл салынды. Медициналық ұйымдар қызметінде тексерістен өтпеген құрылғыларды пайдаланып келгені белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз