Bloomberg басылымы Қазақстанды Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті деп айыптап отыр ма?

Жарияланды
санкции
Bloomberg: Қазақстан Ресейге ЕО санкцияларын айналып өтуге көмектесуде / Фото: Shutterstock

Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы санкциялары айтарлықтай тиімді емес. Ресей Федерациясы оларды үшінші елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы делдалдар көмегімен айналып өтуде. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазды.

«Ресей санкция салынған технологиялар мен қару-жарақ өндіру үшін қолданылатын тауарларды тікелей Еуропадан алуды жалғастыруда. Тек 2023 жылдың алғашқы үш тоқсанында Ресей Федерациясына Еуропалық Одақ елдерінен 450 миллион еуроға осындай тауарлар жеткізілді», – деп жазды халықаралық басылым.

Шектеу шеңберіндегі тауарлардың төрттен бір бөлігі Ресейге тікелей Еуропадан тасымалданады. Қалған бөлігі Ресейге сауда шектеулеріне қарамастан астыртын үшінші елдер арқылы жолданады. Басылым меңзеп отырған елдер қатарында Қазақстан да бар.

Сонымен қатар басылым Түркия, БАӘ, Сербия және Қытай ЕО-ның санкцияларын айналып өтуге қатысқан елдер қатарында бар деп айыптады.

«Тізімде Ресеймен шектесетін елдер, соның ішінде Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Армения да бар», – деп жазды халықаралық басылым.

Айта кететіні, Еуропалық Одақ бірінші кезекте қару-жарақ өндірісіне қажетті технологиялар тасымалдауға тыйым салған. Оның ішінде зымырандар өндіруде қолданылатын қосалқы бөлшектер мен электроника бар.

Bloomberg дерегінше, бұл сауданың көп бөлігі ЕО-дан тыс шағын компаниялардың желілері арқылы өтеді. Олардың басым бөлігі Қытайда тіркелген. Жабдықтарды қадағалау қиын, өйткені оларды жеткізушілер мен сатушылар көп.

Бұған дейін ЕО Ресейге қарсы санкциялардың 13-ші пакетін жариялады. Ол тізімде қазақстандық «Elem Group LLP» компаниясы бар. Қазақстандық кәсіпкерлер санкция салынған елге тауар жеткізген деп айыпталып отыр.

Былтыр Сыртқы істер министрлігі Қазақстан санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік жасамайтынын мәлімдеген.

Естеріңізге сала кетейік, Financial Times ЕО-ның жаңа санкциялар пакеті қазақстандық компанияларға әсер ететінін хабарлаған болатын.

2023 жылы 29 қыркүйекте Еуропалық комиссия сарапшылары бірқатар елдерге ескерту жасады. Атап айтқанда, Ұйым Ресейге қарсы санкциялардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуін талап етті. Сонымен қатар тиісті шараларға мән беруге шақырды. Сынға ұшыраған мемлекеттердің арасында Қазақстан да болды.

Сондай-ақ оқыңыз