Шетелдіктердің ықтиярхат алуын жеңілдететін сұранысқа ие кәсіптер тізбесі өзгереді

Жарияланды (жаңартылды )
Шетелдіктердің Қазақстанда тұруын жеңілдететін кәсіптер тізбесі өзгереді / Фото: архив kursiv.media

Шетелдіктердің ықтиярхат алуын жеңілдететін сұранысқа ие кәсіптер тізбесі өзгереді. «Ашық НҚА» порталында өзгерістер жобасы жарияланды.

Құжат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат, цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің ұсыныстары негізінде жасалған.

«Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптер тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр», – деп жазылған құжатта.

Бұл тізімге денсаулық сақтау, жаратылыстану ғылымдары, өңдеу өнеркәсібі, IT-технологиялар, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және басқа да мамандықтар кірді. 

«Тізбеде барлығы  сұранысқа ие 51 кәсіп қарастырылады», – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Мұнда салалық мемлекеттік органдар ұсынатын өзгерістер мен толықтырулар ескерілген.

Сұранысқа ие мамандықтар қатарында жасанды интеллект инженерлері, web әзірлеушілер, мобильді қосымшаларды әзірлеушілер бар. Сонымен қатар компьютерлік ойындарды әзірлеушілер, ақпараттық жүйелер сәулетшілері, сервер әкімшілері, ақпараттық қауіпсіздік маманын табуға болады. Бұған қоса графикалық дизайнерлер, суретші иллюстраторлар, акушер гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, сәулелік диагностика дәрігерлері және басқалар да тізімнен табылады.

Тізбеде көрсетілген мамандықтары бар шетелдіктер ішкі істер органдарында тұруға ықтиярхатты оңайлатылған тәртіппен ресімдей алады. Тұруға ықтиярхат 10 жылға не паспорттың қолданылу мерзіміне беріледі.

НҚА жобасымен 13 наурызға дейін танысуға болады.

Қазақстанда 12,8 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Шетелден Қазақстанға келіп, жұмыс істеп жүрген 565 адам басшылар мен олардың орынбасарлары, ал 2 671 құрылымдық бөлімшелердің басшылары.

Шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі – мамандар мен білікті жұмысшылар. Олардың жалпы саны 6466 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 564 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 616 адам жұмыс істейді.

Шетелдіктерге жұмыс беріп отырған қазақстандық жұмыс берушілер саны – 1 657. Оларда 456 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 97,2%-ы.

Сондай-ақ оқыңыз