ІІМ электронды бақылау білезіктерін жалға алуға 1,5 млрд теңге жұмсамақшы

Жарияланды (жаңартылды )
электронды білезіктерді
ІІМ 2022 жылы электронды білезіктерді жалға алуға шамамен 330 млн теңге жұмсаған /Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті есептегі азаматтарды бақылауға арналған электронды білезіктерді 1,5 млрд теңгеге жуық қаражатқа жалға алуды жоспарлаған. Мекеменің бұл бағыттағы шығындары мемлекеттік сатып алу порталында көрсетілген.

Нақтырақ айсақ, комитет жабдықты жалға алуға 1 482 300 000 теңге жұмсауды көздеп отыр. Бұл қаражат электронды білезіктерді 3 жылға жалға алуға жетеді. Әр жылғы жалға алу құнына тоқталар болсақ, 2024 жылға – 406 260 000 теңге, 2025 жылға – 488 610 000 теңге, 2026 жылға – 587 430 000 теңге жұмсамақшы. Қызмет көрсету мерзімінің аяқталу уақыты құжатта 2026 жылдың 31 желтоқсаны деп көрсетілген.

Құжатқа сәйкес білезіктер пробация қызметінің есебінде тұрған, есепке алынатын тұлғалар үшін электрондық бақылау құралдарын (білезіктерді) жалға беру бойынша қызмет көрсету 2G/3G/4G стандарты ұялы байланыс желісінің базасында құрылған деректерді беру арналарын ұйымдастыра отырып, мониторинг платформасын, білезіктен деректерді беру қызметін қолдана отырып, оның пробация қызметіне келуінсіз сотталғанның орналасқан жерін анықтау үшін қолданылады.

Комитет бұл білезіктерді әр өңірге таратып бермекші. Электронды жабдықтар Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Семей, Тараз, Қостанай, Петропавл сынды т.б. қалалар мен облыстардағы полиция департаменттеріне жіберіледі.

Бұл орайда білезіктердің ең көп жиынтығын Қарағанды ​​облысындағы басқарма алады. Департаментке білезіктің 385 данасы беріледі. Ең аз яғни 60 дана білезік Қызылорда облысындағы департаментке беріледі.

Мұндай білезіктерді ІІМ осыған дейін де жалға алып көрген. 2022 жылы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті «КаР-Тел» ЖШС-нен 329 574 696 теңгеге осындай білезіктерді жалға алған. Құжаттарға сәйкес жеткізуші 2,5 мың электронды құрылғыларды жеткізіп беруге міндеттелген.

Сондай-ақ оқыңыз