Астана әуежайында өрт шығып, рейстер кешіктіріліп жатыр

Жарияланды
Астана әуежайы
Астана әуежайында 2 терминалда электрокабельдер тұтанған / Фото: ТЖМ

Бүгін Астана әуежайында өрт болды. 1-ші және 2-ші терминалдар арасында электрокабельдер тұтанып, ғимаратты көк түтін басқан. Бұл жайлы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

Астанадағы халықаралық әуежайдың электр қалқан терминалында өрт шыққаны туралы хабарланды. Сыртқы белгілер бойынша 1 және 2 терминалдар арасындағы галереяларда қатты түтін болғандықтан адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілген.

«27 ақпанда сағат 08-03-те Астана қаласы ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері Қабанбай батыр даңғылы, 119 мекенжайы бойынша жоғары дәрежедегі шақыру бойынша шықты. Бірінші қабатта Т-1 және Т-2 терминалдары арасында электр қалқанында 15 ш.м алаңда электр кабелі жанған», – деп хабарлады ТЖМ.

Оқиға орнына Астана қаласы ТЖД жеке құрамның 76 адамы және 18 бірлік техникасы жұмылдырылған. Өрт сағат 08.24-те толық өшірілген. Қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Өртке қатысты Астана халықаралық әуежайы ұшып келетін рейстерді қабылдауды тоқтатпаған. Алайда Астана халықаралық әуежайынан ұшатын 18 рейс кешіктірілген. Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметінің хабарлауынша Астана-Дубай, Астана-Шымкент, Астана-Алматы, Астана-Жезқазған, Астана –Алматы, Астана-Өскемен, Астана-Ақтау, Астана-Ыстамбұл, Астана-Павлодар, Астана-Қостанай, Астана-Пулково, Астана-Алматы, Астана – Қызылорда, Астана-Варшава, Астана- Қостанай, Астана-Шымкент, Астана-Петропавл, Астана-Өскемен бағыттары бойынше рейстер кешіктірілген.

«Кешіктірілген рейстердің нақты ұшу уақыты белгісіз. Жағдай тұрақталғаннан соң рейстер қалыпқа келтіріледі. Қолайсыздық үшін жолаушыларымыздан кешірім сұраймыз»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, 8 ақпанда боранға байланысты Астана әуежайында 72 рейс тоқтады. Ауа-райы ұшақтардың ұшуы мен қонуы кезінде қиындықтар туғызғаны себепті жолаушылар мен экипаждардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рейстерді тоқтату туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде ұшатын 7 рейс, қонатын 8 рейс тоқтатылған. Сонымен қатар, ұшуы тиіс 6 рейс, ал ұшып келуі тиіс 12 рейс кешіктірілген. Ақ боранға байланысты «Эйр Астана» әуе компаниясының Алматы – Астана бағыты бойынша шыққан KC 851 рейсі бүгін Астана әужайына қона алмай, Алматыға қайта оралған. Бұл рейс тоқтатылды. 

Сондай-ақ оқыңыз