Талдықорғанда құны 1 млрд теңге болатын 6 мемлекеттік сатып алу конкурсының күші жойылды – Прокуратура

Жарияланды
Талдықорған қаласының прокуратурасы қала көшелерін жөндеуге бағытталған 500 миллион теңгенің мемлекеттік сатып алу конкурсының күшін жойған / Фото: kursiv.media

Талдықорған қаласының прокуратурасы құны 1 млрд теңгеден асатын мемлекеттік сатып алу конкурсын жарамсыз деп таныды. Бұл жайлы Жетісу облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Талдықорған қаласының прокуратурасы құны 1 миллиард теңгеден асатын 6 мемлекеттік сатып алу конкурсының күшін жойды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратура мәліметінше, тапсырыс берушілер конкурстық құжаттамада біліктілік талаптарын негізсіз жоғарылатып, сол арқылы әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын әдейі қиындатып шектеген.

Тағы бір жағдайда, қала көшелерін жөндеуге құны 500 млн теңгеден асатын конкурс жариялаған. Алайда тапсырыс беруші яғни әкімдік жөндеуді қажет ететін көшелердің атауларын нақтыламаған. Әр көшедегі жұмыстың нақты сметалық құнын анықтап жазбаған. Актілер ұсынбаған.

Прокуратура барлық мемлекеттік сатып алулардың күшін жойып, ашық конкурсқа кәсіпкерлік субъектілердің де қатысуын қамтамасыз еткен.

Еске сала кетсек, өткен жылы Жетісу облысының прокуратурасы 3 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды тоқтатқан болатын.

Прокуратура мемлекеттік органдардың әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарын негізсіз асыра бағалағанын анықтады. Сондай-ақ міндетті мемлекеттік сараптамасыз автожолдар салуға конкурстар жариялаған.

Тек Алакөл ауданында осындай талаптарды бұзған 10 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Оның ішінде 4 ауылдық округтің әкімдері де бар.

Сонымен бірге 85 млн теңгеге сатып алулар негізсіз деп танылды. Мемлекеттік органдар «бір көзден алу» тәсілін орынсыз қолданған. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзған 74 лауазымды тұлға 13 млн теңге айыппұл төлейді

Одан бөлек Жетісу облысының прокуратурасы Жетісу облысы Кербұлақ ауданы, Малайсары ауылындағы жолдарды жөндеу кезінде лауазымын асыра пайдаланған жол құрылысы саласының бұрынғы басшысы ұсталғанын хабарлады.

Ол Кербұлақ ауданы Малайсары ауылының кіреберіс автожолында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өзінің қызметтік жағдайын теріс пайдаланды деп күдіктелуде. Ол мемлекетке 37 миллион теңгеден астам сомаға елеулі материалдық залал келтірген. 

Сондай-ақ оқыңыз