Венгрия Швецияның НАТО-ға мүше болу туралы өтінішін мақұлдады. Мажарстан ұйымға мүше 31 елдің ішінде келісім бермей келген соңғы мемлекет болған еді. Бұл жайлы Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон хабарлады.
«Бүгін – тарихи күн. Қазір НАТО-ға мүше барлық елдің парламенттері Швецияның НАТО-ға кіруіне дауыс берді. Швеция еуроатлантикалық қауіпсіздік үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын», – деп жазды Кристерссон.
200 жылдан бері бірде-бір әскери одаққа қосылмаған Швеция мен Финляндия Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін, 2022 жылы НАТО-ға кіруге өтініш берді. Екі мемлекеттің өтініші 2022 жылдың маусымында қаралып, Мадрид меморандумына қол қойылды. Бастапқыда Швеция мен Финляндия бір мезгілде НАТО-ға кіреді деп жоспарланған. Алайда Швецияның Түркия және Венгриямен арадағы қиындықтарына байланысты бұл процесс кешікті. Ал Финляндия ұйымға еш кедергісіз қосылды. Финляндия ресми түрде 2023 жылдың 4 сәуірінде Солтүстік Атлантикалық альянстың мүшесі болды. Швецияның НАТО-ға қабылдануын осы уақытқа дейін екі мемлекет – Түркия мен Венгрия құптамады.
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Стокгольмді Будапештке «күйе жағады» деп айыптады. Бірақ өткен аптаның соңында Виктор Орбан мен Ульф Кристерссонмен кездесіп, екі жақты келісімге келген.
«Біз екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынасты сақтауға ниеттіміз», – деп мәлімдеді Орбан.
Еске сала кетсек, 23 қаңтар күні Түркия парламентінің бас ассамблеясы Швецияның НАТО-ға мүше болуы туралы хаттаманы ратификациялауға дауыс берді. Ратификацияны 287 депутат қолдап, 55 депутат қарсы болды.
Түркия Швецияның өтінішін мақұлдаудан бас тартып келуінің басты себебі Швеция ресми Анкара террорист деп санайтын күрд белсенділеріне қолдау көрсеткен. Швеция Түркияның талаптарын орындап, келіссөздер мен шарттардан кейін, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түрік парламентіне Швецияның өтінімін қабылдау туралы құжатты жіберді.