Жаңалықтар

ТЖМ жанынан орманды күзету мен қорғау қызметі құрылады

ТЖМ жанынан орманды күзету мен қорғау қызметі құрылады/kursiv.media

Төтенше жағдайлар министрлігі елімізде өз алдына жеке орман қорғау қызметін құруды көздеп отыр. Ол туралы қаулы жобасы ашық талқылауға шығарылды. Республикалық азаматтық қорғау тізімінде Ормандарды күзету және қорғау қызметін құру туралы қаулы жобасы 13 наурызға дейін талқыланды.

Жаңа республикалық азаматтық қызмет немен айналысады? Уәкілетті орган, уәкілетті органның ведомствосы, аумақтық бөлімшелер, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдар, орман иеленушiлер, орман пайдаланушылар орман қорын күзету мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етедi.

Жобаны әзірлеуші орган – Төтенше жағдайлар министрлігі.

Жоба бойынша қаржы шығындарының қажеттігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі талап етілмейді.

Бұл қызметті құрудағы мақсат қандай? Жаңадан құрылатын қызмет ұйымдастыру және үйлестіру жүйесінің тиімділігін арттыруға, республикалық азаматтық қорғау қызметтерінің төтенше жағдайларына жедел ден қоюға мүмкіндік береді деп көрсетілген.  

Орман өрті

Соңғы жылдары Қазақстанда орман өрті жиілеген. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, соңғы бес жылда орман өртінің саны 2.2 есе өскен.

Атап айтатын болсақ, елімізде соңғы үш жылда 2251 орман, 319 дала өрті тіркелген. 2022 жылы 701, 2021 жылы 749, 2022 жылы 801 орман өрті тіркелсе, 2020 жылы 130, 2021 жылы 115, 2022 жылы 74 дала өрті тіркелген екен.

Өңірлерге шаққанда орман өртінің көбі Шығыс Қазақстанда тіркеледі. Мұндағы орманды жерлер 2022 жылы 314 рет өртенген. Содан кейінгі орында Солтүстік-шығыс Қазақстан өңірі тұр. Павлодар облысының өзінде былтыр 141 оқиға тіркелген. Өрт аз тіркелетін аумақ Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары. Ал Маңғыстау облысында өзінің табиғи ерекшелігіне байланысты болса керек, дала өрті мүлде тіркелмеген.