Ресей Қазақстандағы әскери полигондарда зымырандарды сынақтан өткізе ме – Қорғаныс министрлігінің өкілі жауап берді

Жарияланды
Жыл сайын полигонда 50 сағатқа жуық сынақ өткізіледі/ Фото: shutterstock және gov.kz

Ресей «Украинадағы соғысқа арналған зымырандарды қазақтарға сынақтан өткізіп» жатқан жоқ, Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев БАҚ-та тараған ақпаратты жоққа шығарды. Алайда ресейлік зымырандарды Қазақстанда қауіпсіз сынақтан өткізу жайлы айтқанда, Жазықбаев БАҚ-та хабарланған емес, басқа полигонды мысалға келтірді.

21 ақпанда «Новая газета – Европа» басылымы «Ресей Украинадағы соғысқа арналған зымырандарды қазақтарға сынақтан өткізіп жатқаны» жайлы репортаж жариялады. Журналистер Капустин Яр полигонында Ресей сынақтан өткізіп жатқан зымыран сынықтары түскен БҚО-дағы Бөкей орда ауданында болып қайтқан. Полигон Ресей мен Қазақстан шекарасында орналасқан. Жергілікті тұрғындар зымырандарды сынақтан өткізуден келіп жатқан экологиялық және әлеуметтік мәселелерге шағымданған. Олардың ойынша, бұл сынақтар Украинадағы соғыспен байланысты.

Ресей қай полигондарда зымырандарды сынақтан өткізеді?

Мәжіліс кулуарында журналистер Қорғаныс министрінің орынбасарына «Ресей әскерилері шынымен де, зымырандарды қазақстандықтарға сынақтан өткізіп жатыр ма» деген сауал қойды.

«Мұндай полигон бар. Бірақ та ұшқышсыз зымырандар емес (сынақтан өткізіп жатыр – ред.) Сарышаған полигоны бар, онда шартқа сәйкес 1993 жылдан 2030 жылға дейін РФ-ның 110-шы оқу орталығы (зымырандарды-ред.еск) сынақтан өткізеді. Бұл зымырандар 200 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұшады. Полигон қасында ешқандай инфрақұрылым, жергілікті тұрғын жоқ», – деді Жазықбаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі кулуарда.

Қорғаныс министрінің орынбасары жыл сайын полигонда 50 сағатқа жуық сынақ өткізілетінін айтты. Сондай-ақ Жазықбаевтың айтуынша, Сарышаған полигонын қоса алғанда, Қазақстанның барлық аумағында Ресей армиясының 900 өкілі бар.

Бірақ та бұл сынақтарға Сарышағанның қандай қатысы бар екені түсініксіз, себебі ол еліміздің орталығында орналасқан. Ал «Новая газета – Европа» басылымы материалындағы полигон Батыс Қазақстанда орналасқан.

«Курсив» редакциясы Қорғаныс министрлігінен қосымша ақпарат сұрап, сауал жолдады.

Сарышаған полигоны

Бұған дейін Ресей Қорғаныс министрлігі соңғы жылдары Сарышаған полигонында зымыранға қарсы жаңа зымыранды бірнеше рет сынақтан сәтті өткізгені хабарланған. Ұшуға әзірлеу сынақтары 10 сәтті ұшырудан кейін аяқталған болып саналады. Содан кейін зымыран пайдалануға берілуі мүмкін. 2023 жылдың 12 сәуірінде Ресей Сарышаған полигонында шартты нысанаға қарсы стратегиялық зымыранды сынақтан өткізді. ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі зымыранның жойғыш бөлігі болмайтынын түсіндірді. Оны ұшырудың мақсаты – ұшу траекториясын бағалау болды.

Сондай-ақ оқыңыз