Жаңалықтар

Алматыда жер сілкінісі болған жағдайда өңірлерден көмек қанша уақытта келеді?

Алматыда жер сілкінісі: өңірлерден көмек қанша уақытта келеді / Фото: shutterstock

Алматыда жер сілкінісі болған жағдайда өңірлерден көмек қанша уақытта келеді? Бұл сұраққа Мәжіліс кулуарында Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов жауап берді.

«Жер сілкінісі болған жағдайда бірінші кезекте жергілікті күштер жұмыс істейді. Ол – бірінші эшелон. Оның құрамында ТЖД ғана емес, барлық күштік құрылымдар, мемлекеттік мекемелер жұмыс істейді. Одан кейін жоспар бойынша жақын орналасқан өңірлер, кейін алыстағы өңірлер күштерін жұмылдырады. Оған дейін бізге 4 сағаттан 24 сағатқа дейін уақыт керек болады», – деді вице-министр.

Сонымен қатар Бауыржан Сыздықов Алматыда 23 қаңтардағы дүмпулер кезінде дабыл қағу жүйесі қосылмағаны үшін ТЖД қызметкерлері жазаланғанын айтты.

«Қызметтік тексеру жүргізілді. Көптеген қызметкер мен лауазымды тұлға жазаланды», – деді вице-министр.

Алайда ол нақты кім, қандай жаза алғанын айпады.

«Мен бұл туралы қазір айта алмаймын. Нақты осы сұрақ сізді қызықтырса, ресми түрде сауал жолдаңыз», – деді Бауыржан Сыздықов.

Бұл ретте тілшілер одан қандай жаза қолданылғанын нақтылады.

«Әртүрлі жаза қолданылды. Сондықтан ресми сауал жолдасаңыздар, нақты жауап береміз», – деді Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы ТЖД мен ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі хабарлады.

Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалары келмеген. Бұдан бөлек, қалада дабыл да қағылмаған.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.

«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.