Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі тағы ұзарды

Жарияланды
Экс-министр Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі тағы ұзарды / Фото: архив kursiv.media

Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі тағы ұзарды. Бұл туралы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты хабарлады.

«Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотымен күдікті М. Бекетаевқа қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын 2024 жылғы 21 наурызға дейін ұзарту санкцияланды. Өзге мәліметтер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды», – деп жазылған хабарламада.

Еске сала кетсек, былтыр 23 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын растады.

«Ұсталған адамның бұрынғы әділет министрі М. Бекетаев екенін растаймыз.
Қазіргі уақытта күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жазылған хабарламада.

Экс-министрге қатысты тергеп-тексеру жұмыстарын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатыр. Марат Бекетаев қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша күдікке іліккен. Бұл бапта жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адамдың лауазымдық өкiлетін теріс пайдалануы ауыр салдарға алып келген жағдай көрсетілген. Заңға сәйкес, кінәсі дәлелденсе, күдіктінің мүлкі тәркіленіп, лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады. Сондай-ақ 7 жылға дейінгі уақытқа бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру көзделген.

2023 жылғы 21 қазан күні үлестес компанияның мүдделерін қолдап, мемлекетке үлкен зиян келтірді деген күдікпен бұрынғы Әділет министрі ұсталғаны хабарланды. Алайда қай экс-министр екені нақтыланбаған болатын. Ол «Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген күдікке іліккен.

«Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады. Бұл әрекет мемлекетке үлкен зиян келтірді. Активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда», – делінген Агенттік таратқан хабарламада.

Марат Бекетаев Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып тұрған тұста 2016 жылғы 13 қыркүйекте және 2019 жылғы 25 ақпан күні, яғни екі рет Әділет министрі болып тағайындалған. «Қаңтар оқиғасынан» кейін қызметінен айырылған.

Сондай-ақ оқыңыз