Депутат бюджет тапшылығын жабу үшін квазисектордың таза пайдасын ел қазынасына беруді ұсынды

Жарияланды
бюджет тапшылығы
Депутат салық жеңілдіктерін қысқарту арқылы бюджет тапшылығы мәселесін шешуге болатыны айтады / Фото: kursiv.media

Депутат Мархабат Жайымбетов биыл елімізде бюджет тапшылығы болуы мүмкін екенін айтады. Оның есебінше, Қазақстанның биылғы шығыны 24 трлн теңгеге жетеді. Бұл мәселені шешу үшін ол квазисектордың таза пайдасын бюджетке беруді және салық жеңілдіктерін 30-50 пайызға дейін қысқартуды ұсынды.

«Биыл еліміз бойынша бюджет тапшылығы болу қаупі жоғары. Бүгіннің өзінде, бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Еліміздің биылғы шығыны – 24 трлн теңге. Оның 16,5 трлн теңгесі табысымыз, 3,6 трлн теңгені Ұлттық қордан аламыз, 4 трлн теңге құнды қағаздарды шығарудан түсіп отыр. Яғни тапшылық 7,5 трлн теңгені құрап отыр», – деді депутат премьер-министрге жолдаған сауалында.

Жайымбетов бұл тығырықтан шығу үшін квазисектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді деп санайды. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасалса және жұмыстар дұрыс жолға қойылса, ел қазынасына  ең кемі 3 трлн теңге түсіруге болатынын айтты.

«Квазисектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде әлі де ашықтық жоқ. Мәселен, Ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер не үшін қажет?», – дейді Жайымбетов.

Ол ел бюджетін салық жеңілдіктерін азайту арқылы да толтыруға болатынын айтты. Депутаттың келтірген мәліметі бойынша, Мемлекеттік кірістер Комитеті қолданылған салық жеңілдіктері негізінде 2022 жылы 9,5 трлн теңге бюджетке түспеген. Сонымен бірге депутаттар мұндай жеңілдіктердің тым көп екенін айттты.

«Басты кемшілік – жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған, сонымен қатар жеңілдіктер белгісіз мерзімге, ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілген. Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны – 485. Бұл – едәуір көп. Алдымен салық жеңілдіктерін 30%-ға қысқартсақ, шамамен бюджетке 1,3 трлн теңгеге дейін қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек болашақта бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізуге болады», – дейді депутат.

Ол кейбір салықтық жеңілдіктер тиімділіктерін көрсетпей жатқанын, кәсіпкерлер жеңілдік алғанымен өнім бағасын түсірмей отырғанына да тоқталды. Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және импорттау айналымы қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатылған. Алайда бұл жеңілдік дәрілер мен медициналық бұйымдардың бағасының түсуіне еш әсер етпеген. Жайымбетов соның салдарынан бюджетке кіріс кірмейтінін айтады.

«Мемлекет беретін жеңілдік, іс жүзінде, импорттаушылар мен сатушылардың коммерциялық мүдделеріне ықпал етеді, ол бюджетке кіріс келтірмей отыр. Көбіне жеңілдік алушылар – ірі компаниялар. Ал әлемдік экономика сарапшылары Қазақстандағы салық жеңілдіктері «тым жомарт» деген баға берген. Дамыған елдерде, салықтық жеңілдіктер инвесторларды тартатын, қызықтыратын аса бір қажетті тармақ болып саналмайды», – дейді.

Бұл мәселені шешу үшін депутат келесідей шешімдер ұсынған:
  • Салықтық жеңілдіктерге толық ревизия жасап, шетелдік тәжірбиені қарап, жеңілдіктердің алдымен 30%-дан астамын қасқарту қажет. Яғни 150-ге жуық түрін алып тастауға болады.
  • Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді басқару процесін жетілдіріп, квазисектордың таза пайдасын 100% бюджетке беру керек.
  • Ұлттық компаниялардың, әсіресе, Самұрық-Қазына қорындағы тендерлерді – бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, мемлекеттік сатып алу Заңының қолданылу аясына ауыстыру қажет.

Депутат осы шараларды жүзеге асыру арқылы 100 пайыз ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз етуге болатынын айтады.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік бюджет тапшылығы 2,8 трлн теңгеге жетіп, 30%-ға артқан. Бірінші кредиттік бюро хабарлауынша, өткен жылы мемлекеттік бюджет шығыстары бір жыл ішінде төрттен бір есе өскен.

Жалпы шығыстардың негізгі бөлігі білім беру саласына жұмсалған. 2023 жылы бұл салаға 5,8 трлн теңге бөлінген. Ал әлеуметтік көмекке 5,3 трлн теңге жұмсалып отыр. Сонымен қатар, бірінші салаға екіншіге қарағанда өткен жылы көбірек қаражат бөлінген. Біріншісінің көрсеткіші 28,4% болса, екіншісі, 17,5%-ды құрайды.

Шығыстарға қатысты ең жоғары өсім «Отын-энергетикалық кешен және жер қойнауын пайдалану» саласында байқалған. Бұл бағытта 343,6 млрд теңге жұмсалған. Аз қаражат жұмсалды деуге болады. Алайда бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда бір жарым есе өскен. Сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық шығындары шамамен бірдей қарқынмен өсіп, 47%-ды құраған. Ондағы сома 1,9 трлн теңгені құрайды.

Сонымен бірге «Қарызды өтеу қызметі» бойынша шығыстар артып, 1,9 трлн теңгеге жеткен. Өсу қарқыны 37%-ды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз