Жан басына шаққанда 48,3 мың теңге: ақпан айындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі белгілі болды

Жарияланды
Шығарушы редактор
күнкөріс
Ең төменгі күнкөріс деңгейі қандай? Фото: shutterstock

Ақпан айында жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 48 363 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш қаңтар айымен салыстырғанда 309 теңгеге артық. Бұл туралы Ұлттық сатистика бюросының есебінде жазылған.

Өңірлер бойынша алсақ, Астана қаласында деңгей өзге аймақтарға қарағанда сәл жоғары. Жан басына шаққандағы күнкөріс деңгейі елордада 53 162 теңгенің құрайды.

Одан кейін Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы келеді. Елорда мен ШҚО-дағы ең төменгі деңгейі 50 мың теңгеден сәл асады.

Республика бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі Ақтөбе қаласында тіркелген. Бұл қалада бір адамға шаққандағы кіріс 43552 теңгеге тең.

Сонымен қатар Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан облысында да күнкөріс деңгейі төмен.

Айта кетерлігі, Қазақстанда ерлердің ең төменгі күнкөріс деңгейі әйелдердікінен сәл жоғары. Мәселен, еліміздегі 30-61 жастағы ерлерге 56,3 мың теңгеден келсе, осы жастағы әйелдердікі – 45,5 мың теңге.

Қазақстанда 500 мыңнан астам адам немесе 111 мыңға жуық отбасы кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатыр. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, жарты миллионнан астам адам айына 28 мың теңгеден төмен табыс табады.

2023 жылдың желтоқсанында ҰСБ дерегіне сүйеніп, айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтардың 12 жылдық антирекордын жариялағанбыз. Мақалада Қазақстанда 1,1 млн адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны нақтыланған.

Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы деген не?

Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бір адамға арналған ең төмен ақшалай кiрiс.

Тұтыну себетi – адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдері, тауар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жинағын білдіреді. Ол азық-түлік себетінен және азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың тіркелген үлесінен тұрады.

Азық-түлік себетінде тамақ өнімдерінің 43 атауы бар: ет, балық, сүт, май-тоң май, нан, жеміс-көкөністер және олардың түрлері, жұмыртқа, қант, шай, дәмдеуіш т.б. Халықтың түрлі жыныстық-жас және әлеуметтік-демографиялық топтарының халықтың орташа жан басына шаққандағы тамақтың негізгі өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормасын бөлшек сауда желісінің өкілді объектілеріндегі тіркеудің орташа бағасына көбейту жолымен есептеледі.

Оны есептеуге арналған аз тұтынылатын азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың үлесі ең төменгі тұтыну себеті құнының 45 пайыздық мөлшерінде белгіленген.

Сондай-ақ оқыңыз