Алматыда егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына (ЕТЖ) өзгерістер енгізуге жыл соңына дейін мораторий енгізіледі. Бұл туралы Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
Кездесу барысында аудан тұрғындары әкімдіктің нақтылы құрылысты шектейтін егжей-тегжейлі жоспарлаудың жаңа жобаларын қабылдағанын айтып шағымданған.
«Былтыр мамыр айында Үкімет 2040 жылға дейін Қаланың бас жоспарын бекітті, содан кейін оны жүзеге асыру үшін сарапшылар және қала тұрғындарымен талқылаудан кейін біз әр ауданның жаңа жол ережелерін қабылдадық», – деді Досаев.
Оның сөзінше, Алматының болашақ дамуы орташа қабатты құрылысқа негізделген. ЕТЖ-ға қатысты қосымша жыл соңына дейін түзету енгізуге мораторий жарияланған. Егер өзгеріс қажет болса, келесі жылы қарастырылуы керек. Бұл жоспардың тұрақтылығы үшін керек екендігін атап өтті.
«ЕТЖ-ны әзірлеу кезінде қала тұрғындарының пікірі барынша ескерілді. Қалада дамудың белгілі бір басымдығы бар екенін және олар әрқашан жеке азаматтардың пікірімен сәйкес келмейтінін түсіну керек. Мысалы, Наурызбай ауданында біз қоғамдық кеңістікті барынша жақсартуға тырысамыз, болашақта барлық үйлер жер асты тұрағымен және қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдармен салынады», – деді әкім.
Осы кездесуде Досаев 1 шілдеден бастап мегаполистің қалалық қоғамдық көлігінде қызмет көрсету тәсілдері өзгертілетінін айтты.
«1 шілдеге дейін қоғамдық көлікте қызмет көрсету қалай өтетініне байланысты өзгерту енгізуді жоспарлап отырмыз. Қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі», – деді Ерболат Досаев.
Айта кетейік, 2023 жылы Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы таулы жерлерде 54 заңсыз салынған құрылысты анықтаған. Осы анықталған 54 құрылыстың 44-сі бойынша басқарма сотқа жүгінген. Сот талап-арыздарды қарап, 44 құрылыстың 31-іне қатысты оң шешім шығарған. Яғни бұл құрылыстар сүріледі.
Сот шешімі бойынша сүрілуге жіберілген 31 құрылыстың 25-іне қатысты талап заңды күшіне еніп сүрілген. Ал қалған алтауына қатысты аппеляциялық арыз түсуіне байланысты сотта қайта қаралып жатыр.
Атап айтар болсақ, Алматы әкімдігі сапасыз құрылыстан 1 мыңнан астам заң бұзу анықталғанын хабарлап, нәтижесіне 8 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылған.
Олар:
1. «АРТЕМИДА ЛТД» ЖШС;
2. «ТриА Холдинг» ЖШС;
3. «Ремстрой» ЖШС;
4. «ABM Building» ЖШС (шағын лицензиясы);
5. «Debo Stroy» ЖШС (шағын лицензиясы);
6. «ЕДІЛ-СТРОЙ СЕРВИС» ЖШС (шағын лицензиясы);
7. «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС (шағын лицензиясы);
8. «DP ENGINEERING GROUP» ЖШС (шағын лицензиясы).
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы құрылыс саласындағы заңнаманы 1140 рет бұзуды анықтаған. Олқылықтарды жоюға 634 ұйғарым берді.