«Қазарнаулыэкспорт» басшысы қорғаныс тапсырысын орындау кезінде қызметтік өкілеттігін пайдаланды деген күдікпен ұсталды

Жарияланды
«Қазарнаулыэкспорт» басшысы қорғаныс тапсырысын орындау кезінде қызметтік өкілеттігін пайдаланды деген күдікпен ұсталды / shutterstock и gov.kz

«Қазарнаулыэкспорт» директорының міндетін атқарушы Аршат Аяғанов мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау кезінде өкілеттігін пайдаланды деген күдікпен ұсталды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Аршат Аяғанов 2024 жылғы 23 ақпанда ұсталған.

«Броньдалған әскери техниканы жеткізу бойынша мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау кезінде қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдік бойынша «Қазарнаулыэкспорт» РМК бас директорының міндетін атқарушы Аршат Аяғанов ұсталды»,– делінген хабарламада.

Айта кетейік, кәсіпорын Қарулы Күштерді, басқа әскерлерді және жауынгерлік құралымдарды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметімен құрылды және қару-жарақ пен әскери техника, сонымен қатар әскери мүлік импорты мен экспорты бағыттарында жұмыс істейді.

ҚМА басшысы президентке есеп берді

Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховтың айтуынша, қылмыстық жолмен түскен кірістерді жылыстатуға қарсы күрес саласында 5,7 мыңнан астам тұтынушымен іскерлік қарым-қатынас тоқтатылған. Сонымен қатар криптовалюта айырбастайтын 1,5 мыңнан аса заңсыз онлайн-сервис анықталып, бұғатталған. Тағы 49 заңсыз майнер әшкереленген. Қазір оларға қатысты тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаржы аударуға қатысты 1,2 мың әрекет анықталды. Оларға шектеу қойылған.

«41 қаржы пирамидасы жойылды. Зардап шеккендерге 4,6 миллиард теңге қайтарылды. Алаяқтық белгілері бар 8 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталды. 4,8 мың онлайн-казино сайтының қызметі тоқтатылды. Екінші деңгейлі банктермен және қаржы реттеушілерімен бірлесіп, 21 жасқа толмаған азаматтардың букмекерлік кеңселерге төлем жасау мүмкіндігін автоматты түрде шектеу тетігі енгізіліп жатыр», – деді Агенттік төрағасы.

Сондай-ақ 74 миллиард теңге көлемінде негізсіз бюджет шығындарының алды алынған. Заңсыз қолма-қол ақшамен айналысатын 59 «көлеңкелі» алаң қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ 7 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған және сотқа дейінгі тергеу амалдарының аясында 141 миллиард теңге көлемінде келтірілген залал өтелген.

«Жалпы сомасы 276 млрд теңгені құрайтын активтер қайтарылған. Агенттік алдағы уақытта заңсыз шығарылған активтерді қайтару және адал кәсіпкерлердің ісіне араласпайды. «Көлеңкелі» экономикадағы қылмыстардың жолын кесу жұмыстарына баса мән береді. Қаржылық мониторингті дамыту тұжырымдамасын және Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру, жылыстату жүйесін FATF халықаралық стандарттарына толық сәйкестендіру үшін шаралар қабылданады», – деп атап өтті Дмитрий Малахов.

Сондай-ақ оқыңыз