Қазақстандықтар құмар ойындарға бір жылда 368 млрд теңге жұмсаған

Жарияланды
Қазақстандықтар құмар ойындарға бір жылда 368 млрд теңге жұмсаған/shutterstock

2023 жылы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысты шаралар ұйымдастырған компаниялар 368 млрд теңге табыс тапты. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, қазақстандықтар құмар ойындарға осынша қаржы жұмсаған.

Салыстырмалы түрде алсақ, 2010 жылы ойын бизнесі 9,2 млрд теңге табыс тапты. Содан бері бұл сомалар жыл сайын өсіп келеді. 2014 жылы табысы 24 млрд теңгені құрады, содан кейін аздап төмендей бастады. 2019 жылы қазақстандықтар құмар ойындарға 13 млрд теңге жұмсады. 

Пандемия кезіндегі статистикаға сүйенсек, бұл қызметтерге сұраныс күрт өсті. Көрсетілген қызметтер көлемі 2020 жылы 89 млрд теңгені, 2021 жылы – 501 млрд теңгені, 2022 жылы – 572 млрд теңгені құрады. Дәстүр бойынша табыстың басым бөлігін Алматы облысының компаниялары тапқан. 

2023 жылы ойын бизнесінің кірісі 42%, 572-ден 368 млрд теңгеге дейін төмендеді. Қазақстандықтар өткен жылы спорт, демалыс және ойын – сауық саласындағы қызметтерге көп ақша жұмсаған – 427 млрд теңге. Үшінші орында жылжымайтын мүлік саласы тұр. Оған қазақстандықтар 257 млрд теңге бөлген.

«Курсив» Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарына жаңа талап енгізілетінін, соған сәйкес құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатқаны туралы жазған болатын. Құжатта қызметтік әдеп нормаларының талаптарын сақтау аясында  әскери қызметшілерді  ойын мекемелеріне барудан тартынуға ынталандыруға бағытталған  ұсынымдық сипаттағы нормаларды осы түзетулермен енгізу ұсынылды.

Өткен жылы Бас прокуратура ойынханаларға 507 миллион теңге салған 305 мемлекеттік қызметкерді анықтады. Ол тізімде Ішкі істер, Білім, Қаржы министрліктерінің, Жоғарғы Сот, Қаржы мониторингі агенттігінің, Антикордың және тағы да басқа орган қызметкерлері бар болып шықты.

Құмар ойынға әуестенген Қаржы министрлігінің 24 қызметкерінің үшеуі қатаң сөгіс алған. Ал үшеуі тағайындау мерзімінің өтуіне байланысты жаза алмаған. Тағы 7-уі ойынханада ұсталмай тұрып жұмыстан босатылған, қалған 9-ы казинода болған, бірақ құмар ойындарға қатыспаған, тағы 2 адам ол кезде министрлікте жұмыс істемеген болып шықты. 

Сондай-ақ оқыңыз