«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің сатылуына байланысты Kcell акциялары өсті – сарапшы

Жарияланды
Kcell акциялары өсті, мұның себебін Freedom сарапшылары түсіндірді / Архив: kursiv.media

Kcell компаниясының акциялары қымбаттады. Мұның себебін Freedom Broker сарапшылары түсіндірді.

Freedom Broker сарапшылары KASE және LSE-дегі соңғы сауда сессиясының нәтижелеріне қатысты түсініктеме берді.

«Kcell «ралли» көрсетуді жалғастыруда. Бұл өсімнің нақты себебін айту қиын. Бірақ ол «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің сатылуына байланысты болуы мүмкін. Kcell 5G желілерін дамыту үшін күрделі салымдарды қажет етеді. «Қазақтелеком» шотындағы қаражат көлемі олардың кепіліне айналуы мүмкін. Бұл Kcell акцияларының өсуі мен «Қазақтелеком» акцияларының тұралауымен түсіндіріледі», – деп жазылған талдауда.

Дегенмен сарапшылар бұл ақпарат әлі күнге дейін толық расталмағанын атап өтті. Өйткені қазіргі уақытта тек Tele2 және Altel операторларын сатып алуды ұсынған компанияның аты ғана белгілі.

«BCC 0,9%-ға өсті. 26 ақпанда Kaspi қаржылық нәтижелерімен бірге 25 наурызда Лондон қор биржасынан (LSE) GDR және ADA (ADS) делистингін жариялады. Бағалы қағаздармен сауда жасау мүмкіндігіне ие болу үшін эмитент бағалы қағаздарды басқа депозитарийге (DTC) беруді ұсынады. Содан кейін олар NASDAQ-да қолжетімді болады. Клиенттер кеңес алу үшін банк менеджеріне хабарласа алады», – деп атап өтті сарапшылар.

Tele 2 мен Altel жыл соңына дейін сатылады

2024 жылғы қаңтарда «Қазақтелеком» жыл соңына дейін Tele 2 мен Altel операторларын сататыны белгілі болды. Сарапшылар «Қазақтелеком» Tele2 мен Altel-ді қаншаға бағалайтынын болжады.

2020 жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақтелекомға» екі ұялы байланыс операторының бірін сатуды ұсынды. Серік Жұманғарин телекоммуникация нарығы бәсекеге қабілетті түрде дамуы үшін ұлттық компанияны жеке секторға беру туралы айтқан.

Нарық қатысушылары Kcell сатылады деп күткен

«Қазақтелеком» өз кезегінде операторлардың сатылуы туралы ақпаратты жоққа шығарды. Алайда бұл мәселе өткен жылы Цифрлық даму министрлігінде қайта талқыланды. «Қазақтелеком» ұялы байланыс нарықтарын монополиялап, олардың сәйкесінше 80 және 60 пайыздан астамын алып отыр. Бұл ретте нарық қатысушылары Kcell сатылады деп күткен.

Бірақ 2024 жылғы 31 қаңтарда осыған қатысты құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқыға шығарылды.  Ұлттық экономика министрлігі «2021 – 2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір мәселелері туралы» қаулысының жобасына өзгеріс енгізді. Құжатқа сәйкес, «Қазақтелеком» «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ны бәсекелес ортаға беруі тиіс. Мәміле 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Яғни мәселе «Мобайл Телеком-Сервис» иелігіндегі Tele2 және Altel операторларын сату туралы болып отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз