Жуырда ғана лаңкестік ұйымдар тізімінен шығарылған «Талибан» қандай мақсатпен Қазақстанға келеді?

Жарияланды
«Талибан» өкілдері Қазақстанға қандай мақсатпен келеді? / Фото: primeminister.kz

Жуырда ғана Қазақстандағы лаңкестік ұйымдар тізімінен шығарылған «Талибан» бізге қандай мақсатпен келеді? Бұл сұраққа Сенат кулуарында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко жауап берді.

«Мен сізге алдымен сауда-экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аударылатынын түсіндіргім келеді. Екінші, бүкіл әлем дерлік осы елмен және Ауғанстанда жұмыс істейтін басшылықпен сауда жасап, қарым-қатынас орнатуда. Әрине, «Талибан» қозғалысына қатысты мәселелер бар. Яғни үкіметтегі әйелдердің өкілдік етуіне, әйелдердің құқықтарын қорғауға қатысты өздерінің уәделеріне қатысты сұрақтар. Ұлттық азшылық өкілдерінің өкілдігі туралы мәселе бар, бірақ «Талибан» қозғалысы ұсынатын қазіргі әкімшіліктің болуы объективті түрде мойындалған факт», – деді Роман Василенко.

Сондай-ақ ол Ауғанстан Орталық Азияның өңірлік көршісі және қазіргі уақытта мұндай өзара іс-қимыл біздің мүдделерімізге сәйкес келеді деп есептейді.

2023 жылдың желтоқсанында Қазақстан аталған қозғалысты тыйым салынған ұйымдар қатарынан шығарды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Смадияров «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористік ұйымдардың тізімін жаңарту мақсатында тұрақты түрде аудит жүргізілетінін айтып өткен.

«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің міндетті қарарларына сәйкес, «Талибан қозғалысы» БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне енбейді. Соған сәйкес, Талибанды қазақстандық тізімнен шығару туралы шешім қабылданды», – деді ол

Ресми өкіл Қазақстан мен Талибан арасындағы дипломатиялық байланыс Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған шешімдер мен қарарларды қатаң ұстана отырып дамитынын атап өткен.

Былтыр Ауғанстанды бақылайтын «Талибан» қозғалысы елдегі саяси партиялардың қызметіне толық тыйым салатынын жариялады.

Тәліптердің Әділет министрі Абдул Хаким Шарай «үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігі» телебағдарламасында сөйлеген сөзінде елдегі партиялардың саяси қызметіне мүлдем тыйым салынғанын айтты.

Ауғанстанда билікті басып алғанға дейін елдің Әділет министрлігінде 73 саяси партия тіркелген. Аталған ұйым билікке келгеннен кейін Саяси партия жетекшілерінің көпшілігі елден кетіп, қазір басқа елдерде тұрады.

Қозғалыс Ауғанстанды 2021 жылдың тамызында басып алды. Осы уақытқа дейін Талибан үкіметін әлемнің бірде-бір елі ресми түрде мойындамады. Сонымен қатар олардың басшылары БҰҰ-ның санкция тізімінде. 

Сондай-ақ оқыңыз