Жаңалықтар

Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін заңды негізде тоқтатуы мүмкін – Пашинян

Пашинян ұйым өз міндеттемелерін дұрыс орындамаса Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін заңды негізде тоқтататынын мәлімдеді / Фото: kursiv.media

Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін де-юре тоқтатуы мүмкін. Бұл жайлы Армения премьер-министрі Никол Пашинян айтты. Ол ҰҚШҰ-ның республика үшін қиындықтар туғызып отырғанын мәлімдеді.

Пашинян егер ұйым республика алдындағы қауіпсіздік міндеттемелерін орындамаса, ҰҚШҰ-ға мүшелігін заңды түрде тоқтататынын айтты. Ол қазіргі уақытта ұйыммен байланыс іс жүзінде тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Яғни қазіргі уақытта Ереван ұйымға мүшелігін де-факто тоқтатқан, бірақ бұл шешімін де-юре мәртебесіне көшіруге дайын екенін жеткізді.

«ҰҚШҰ Армения алдындағы қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындаудың орнына, керісінше, Армения Республикасы үшін қиындықтар туғызып отыр»,  – дейді Армения басшысы.

Пашинян альянста Арменияның тұрақты өкілінің жоқ екенін және ұйымның жоғарғы деңгейде өткізілетін шараларына қатыспай жүргенін айтты. Ол ҰҚШҰ-ның Армениядағы жауапкершілік аймағын анықтап алғысы келетінін жеткізді. Осы мәселені ұйым алдында көтергенін, алайда бұған ұйым мүшелерінен нақты жауап келмегенін атап өтті. Пашинян бұл әррекеттерімен ұйымды армян-әзірбайжан арасындағы қақтығысқа итермелемейтінін жеткізді.

«Ешкім ұйымды соғысқа тартуға тырысып жатқан жоқ. Біз олардан ең алдымен саяси ұстанымы қандай болатынын күттік. Біз Армения мен Оңтүстік Кавказ үшін ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағын қандай екенін түсінгіміз келеді»,  – дейді Армения премьер-министрі.

Армения ұйымға қатысуын неге тоқтатты?

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Никол Пашинян France24 телеарнасына бергенсұхбатында Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Ол ұйымның Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімі, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмағанын айтты. Мұның ел назарынан тыс қалмағанын айтқан ол, сол себепті бұл келісімге қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Ереван ҰҚШҰ мен Мәскеудің келісімшарт бойынша міндеттелемелерін орындамай отырғанын айтып, ұйымнның бірталай жиынына қатысудан бас тартты. Мәселен, Арменияның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан «ешқандай үміт күтпейтінін» айтқан. Ол:

«2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп ренжіді.

Ал Пашинян өз кезегінде Армениядағы жағдай ҰҚШҰ беделіне әсер етпей қоймайтынын айтты.

«Бүгін ҰҚШҰ қызметіне қатысты көңіліміз қалғандай күйде тұрмыз, өйткені ҰҚШҰ – Армения қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тетіктің бірі еді. Бірақ 2021 жылдың мамыр-қарашасы мен 2022 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Арменияға қарсы арессиялы әрекеті кезінде ҰҚШҰ-ның жөнсіз реакциясы, ең алдымен, Армения халқының көңілін қалдырды. Өйткені олар ҰҚШҰ сенімді қауіпсіздік тетігі екеніне сенімді болды», – деді Пашинян өзінің Чехияға ресми сапары барысында.

Ол бұл жағдайлардың Ұйымға да зиянын тигізетінін, Арменияға қатысты жағдай, ең алдымен, ҰҚШҰ беделіне соққы болатынын атап өткен.  

Ал 2023 жылдың қарашасында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) көмегінен бас тартқанын мәлімдеді. Ереван ҰҚШҰ-дағы серіктестерінен ресми түрде Арменияға көмек көрсету туралы құжатты күн тәртібінен алып тастауды сұраған.