Қазақстан аумағынан жаңа мұнай кеніштері табылуы мүмкін – ҚМГ басшысы

Жарияланды
мұнай кеніштері
Осы жылы 3 әлеуетті мұнай кеніштері бұрғыланады / Коллаж: kursiv.media

Қазақстанның жер қойнауы 24 пайызға ғана зерттелген. Сондықтан да Қазақстан аумағынан жаңа мұнай кеніштері табылуы мүмкін. Осы орайда «ҚазМұнайГаз» компаниясы мұнай қорларына геологиялық барлау жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл жайлы «ҚазМҰнайГаз» АҚ басқармасы төрағасы Мағзұм Мырзағалиев айтты.

«Бұрынғы экология, геология және табиғи ресурстар министрі ретінде жер қойнауымыздың 24 пайызы ғана барланғанын білемін. Қазақстанда 15 шөгінді бассейндер бар, олардың ішіндегі ең үлкені Каспий маңы бассейні. Біздің геологтар Қазақстанда әлі де үлкен жаңалықтар болуы мүмкін деп есептейді»,– дейді Мырзағалиев.

Компания басшысы геологиялық барлау кәсіпорынның ұзақ жылдар бойы тұрақты дамуына мүмкіндік беретінін айтады. Компанияның міндетіне бірінші кезекте қорларды көбейту және жаңа кен орындарын ашу кіретінін айтқан ол осыған дейін мұнай қорлары қолданыстағы кен орындарының бар учаскелерінде қосымша барлау жүргізу негізінде зерттеліп келгенін айтты. Айтуынша, соңғы жылдары әртүрлі себептермен геологиялық барлау саласында айтарлықтай жаңалық болмаған. Алдағы уақытта бұл олқылықтардың орны толтырылып, барлау жұмыстары жүргізілетінін айтты.

«2022 жылы біз жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша бес аумақты белгіледік. Олар – Ақтөбе облысындағы Мұғалжар, Батыс Қазақстан облысындағы Березовский, Маңғыстау облысындағы бірнеше учаске. Компания бұл мақсаттар арнайы 2023-24 жылдарға арнап қаражат бөліп отыр. 2024 жылы сейсмикалық жұмыстарды және осы аумақтардағы геологиялық ақпаратты зерделеуді аяқтадық. Бұл жерлерді зерттеуде әлеуетті серіктестер тарапынан да қызығушылықтар бар. Ендігі міндет – жұмыстарды ертерек жүргізіп, жеке инвесторларды тарту. Осы жұмыстар қолға алынған соң осы аумақтарда геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүргізуге болады. Біз Қазақстан жер қойнауының әлеуетінің зор екеніне сенеміз»,– деді компания басшысы.

Жер қабатын 5500 метр тереңдікке дейін бұрғылау жоспарланған

Сонымен қатар ҚМГ басшысы биыл үш жерде барлау ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары басталатынын айтты. Қызылорда облысында Торғай палеозой учаскесінде бұрғылау жұмыстарына қазіргі таңда техника жұмылдыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы жылдың ортасына қарай бұрғылау жүргізіле бастайды.

«Мен алдын-ала асығыс болжам жасағым келмейді. Бірақ біздің бұл барлау жұмыстарынан күтетін үмітіміз зор. Сондай-ақ 2024 жылы Атырау және Маңғыстау облыстарында орналасқан Қаратонда тұзасты қабатын барлау жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар биылғы жылы Eni компаниясымен бірге Каспий теңізіндегі Абай ауданында бұрғылау жұмыстарын бастау жоспарланған», – деді Мырзағалиев.

Бұл бұрғылау жұмыстары өте терең қабаттарда жүргізіледі. Мәселен, Қаратонда бұрғылау 5500 метр тереңдікке дейін жүргізіледі. Мырзағалиевтің айтуынша «ҚазМұнайГаз» жаңа тәуекелдерге бел буып отыр.

«Біз өте терең қабаттардан жаңа қорлар табылуы мүмкін деп ойлаймыз. Дегенмен бұл жолда үлкен қауіптер бар екені рас. Өйткені күрделі бұрғылау жүргізіп, заманауи технологияларды пайдалану қажет. Бұл «ҚазМұнайГазға» жаңа тәуекел болмақ», – дейді Мырзағалиев.

Ол Қаратон жобасын «Татнефть» компаниясымен бірігіп жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айтты. Ал Торғай палеозой кенішінде барлау жұмыстарын компания өз есебінен жүзеге асырады. Каспий теңізіндегі Абай жобасын итальялық Eni компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады.

«Жалпы, біз әртүрлі халықаралық компанияларды Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстарына тарту үшін олармен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бір жобаға шетелдік компания қызығушылық танытып отыр. Компания қазіргі таңда әлеуетті серіктестерге ұсыну үшін геологиялық зерттеуге қатысты ақпарат әзірлеп жатыр»,– дейді ҚМГ басшысы.

Сонымен бірге Мағзұм Мырзағалиев компанияның жаңа өндірістік жобаларына да тоқталып өтті. Өткен жылы «ЛУКОЙЛ» компаниясымен Каспий теңізіндегі Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын құрылғанын, ол бойынша 2028-29 жылдары алғашқы мұнай өндіруге қол жеткізу жоспарланғанын айтқан. Бұл жоба негізінде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік тумақ.

Еске сала кетсек, бір апта бұрын «Татнефть» ЖАҚ қазақстандық Karaton Operating Ltd жеке компаниясының 50% акциясын сатып алу туралы шартқа қол қойды. Осылайша қос тарап Атырау облысындағы «Қаратон Подсолевой» жер қойнауы учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін бірлескен кәсіпорынның негізін қалайды.

Ал «ҚазМұнайГаздың» мұнай қорына тоқталар болсақ. DeGolyer & MacNaughton зерттеуіне сәйкес, «ҚазМұнайГаздың» мұнай қоры 3,7%-ға артқан. PRMS халықаралық стандартымен 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ҚМГ көмірсутектерінің дәлелденген ықтимал қоры 733 млн тонна немесе 5 680 млн баррель мұнай эквивалентіне тең.

Сондай-ақ оқыңыз