Финтех саласы қарыштап дамып келеді. Соған байланысты қызметтің түр-түрі пайда болып жатыр. Соның бірі — необанк. Ол да дәстүрлі банк қызметтерін ұсынады, бірақ біршама айырмашылығы бар. Необанк деген не? Банк тұрғанда оның қандай қажеті бар? Оның жұмыс істеу принципі қандай? Осы туралы айтамыз.
Необанк деген не?
Необанктер дегеніміз — кеңсесі жоқ, бірақ соған қарамастан клиенттеріне қаржы қызметтерін ұсына алатын банктер. Әрі олардың пайыз мөлшерлемелері де азырақ, жұмысы да жылдамырақ. Себебі оларда эксплуатациялық шығын мен оңтайландырылған операциялар шығыны әжептәуір аз. Необанктер қызметін мобайл қолданба немесе уеб-сайт арқылы жүргізеді. Ұсынатын қызмет жеткізушіге байланысты. Көпшілігінде есеп және жинақ шоттары, төлемдерді өңдеу, ақша аударымдары, бір рангтық төлемдер секілді қызмет түрлері болады. Әрине, дәстүрлі банктердің ауқымы кең, қызмет түрі де көп. Ұсыныстарының санын көбейту үшін кей необанктер дәстүрлі қаржы ұйымдарымен серіктесіп, виртуал кредит карталары, микроинвестициялар, кредит беру секілді опцияларды қосып алып жатады.
Необанк қалай жұмыс істейді?
Необанктердің құрылымы әдеттегі банктерден басқаша. Жұмыс принципін необанк иесі мен клиент тұрғысынан жеке-жеке қарастырып көрейік. Необанктер мемлекеттік не федералдық банк ережелеріне бағынбайды. Сондықтан дәстүрлі банктерден басқаша бизнес-модельдерді қолданып, қызметін ұсына алады. Дижитал банктердің табысы көбіне банктер арасындағы ақпарат алмасқаннан (interchange) ұсталатын комиссия есебінен түседі. Бұл комиссияның қайдан алынатынын айтайық. Клиенттер тауар сатып алу үшін дебет картасын пайдаланады. Сол кезде сатушылар яки кәсіп иелері ұйымдарға сол операция үшін комиссия төлейді. Необанктердің тағы бір табыс көзі клиенттердің желіден тыс банкоматтарды пайдаланған кезде ұсталатын комиссиясының есебінен түсіп отырады. Орта есеппен необанк табысының 20 пайызға жуығы — осы комиссиядан.
Одан қала берді необанктер онлайн-режимде жұмыс істейтіндіктен, қызметкерлерге, жабдықтарға, кеңсеге кететін шығындар біршама аз болады. Мұны жоғарыда да айттық. Міне, соның арқасында олардың қызмет үшін ұсталатын тарифі де дәстүрлі банктермен салыстырғанда арзанырақ болады. Ал тариф төмен болғаны клиентке ұнайды. Ұнаған соң қызметін пайдаланады. Клиенттер тұрғысынан алып қарасақ, оған дәстүрлі банк пе, дижитал банк пе — онша айырмасы жоқ. Бастысы, өзіне керек қызметті ала алса болды. Демек мобайл қолданбаны телефонға жүктеп, тіркеліп, шот ашса жетіп жатыр. Әр необанктің ұсынатын опцияларына қарай клиент түрлі транзакция жүргізіп, қарапайым қаржы операцияларын арзанырақ бағаға орындай алады.
Необанк — қолайлы
Кейінгі кездері қатардағы қолданушылардың да, кәсіпорындардың арасында да тек дижитал технологиялармен жұмыс істейтін банктерге ауысып, дәстүрлі банк қызметіне балама етіп қарастыратындар қарасы көбейген. Себебі ең алдымен необанктер қолайлы. Таргет аудиториясы да — жас, техниканың тілін жақсы білетін қолданушылар. Дижитал банк қолданбаларын ғана қолдана отырып олар негізгі банк операцияларын орындап, өз қаражатын бөлімшелерде кезек күтіп отырмай-ақ басқара береді. Сонымен бірге банк қызметтеріне оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Әлемде банк қызметтерін қолдана алмай отырғандар да бар. Мысалы, АҚШ-та 2019 жылғы дерек бойынша барша тұрғынның 5,4 пайызын құрайтын 7,1 млн адамға аталған қызметтерді қолдану қолжетімсіз болған. Міне, қызметтерді ала алмай отырған сондай адамдар необанкке ауыса алады. Өйткені қолайлы мобайл қолданба мен уеб-сайтқа кіріп, операцияларды орындай беруге болады.
Дәстүрлі банкке барғанда кезекте тұруға мәжбүр боламыз. Ал необанктерге процестер оңтайландырылған. Яғни олар клиенттеріне біраз процесті жеңілдетіп, тек керек деген қызметтерді ұсынады. Қызмет көрсетуге кейбірі тіпті ақы алмайды. Ал көпшілігінде тариф өте арзан. Сондай-ақ кредит беретін необанктерді несие рәсімдеу процесі барынша жеңілдетіледі. Әдеттегі банктерде біраз уақыт күтуіңіз керек болса, необанктер оны жеделдетіп қояды.
Банк онсыз да көп. Необанктің керегі қанша?
Әлемде дижитал технология дамыған сайын осындай түрлі қызмет қосыла береді. Яғни необанктердің пайда болуына бірінші кезекте осы цифрлану процесі себеп. Алдымен интернет байланысы пайда болды, одан соң смартфондар шықты. Артынша солар жұмыс істейтін iOS немесе Android секілді операциялық жүйелер жасалды. Мобайл қолданбалар мен олардың ішіндегі «дүкендері» де пайда болды. Адамдарға кез келген сервисті телефон арқылы жасаған қолайлы бола бастаған соң, олардың мобайл қолданбалары жасалып отырады. Сөйтіп сервистің аппликейшінін App Store немесе Google Play-ден жүктеп алып, қызметтерді алуды үйренді.
Бұл трендтер банктер назарынан тыс қалмады. Олар да аудиториясын кеңейтіп, клиенттің заманауи сұраныстарына сай болу үшін мобайл қолданбаларын жасап, біраз қызметін онлайнға ауыстыра бастады. Яғни кей клиентке банк қызметтерін смартфон арқылы алған ыңғайлы болса, онда сол коммуникация каналын жетілдіріп, дамыту керек деген шешімге келді. Осылайша банктердің мобайл қолданбалары дами түсті. Қаржы қызметтері мен IT-технологиялар осы жерде тоғысып, бірлесіп жұмыс істей бастады. Дәстүрлі банктердің түрлі себеппен арнайы салалар мен кейбір клиенттер категориясына қолайлы сервис ұсынуы үнемі тиімді бола бермейтінін кәсіпкерлер байқайды. Көбіне айналымы қарыштап жатқан банктерге бұл нарық тым кішкентай болғандықтан да тиімді болмады. Ал осының арқасында жаңа идея пайда болып, нарыққа жаңа ойыншы — необанктің қосылуына сеп болды.
Необанктердің қызметін кімдер пайдаланады
Мысалы корпоратив клиенттер мен жеке кәсіпкерлерге қызмет көрсететін банкті көз алдыңызға келтіріңіз. Корпоратив клиенттер ондаған миллион табыс әкелсе, кәсіпкерлерден айына жүздеген мың табыс түседі. Екеуінің арасындағы айырмаға байланысты банктер молырақ ақша әкелетініне басты назар аударып, кішігірім кәсіп иелеріне шама келсе ғана қызмет көрсетеді. Шағын кәсіпкерлерге арнайы өнімдер мен сервистер де жасала бермейді. Мұндайда кәсіпкер шағын бизнес жөніндегі жұмыспен айналысатын банк департаменті мен есепші, заңгер, клиенттердің арасындағы делдалға еріксіз айналады. Құжаттарды рәсімдеу, қаржылық есептер жасауға да уақыт көп қажет. Қолайсыз болуы да мүмкін. Міне, сондай кезде көмекке необанктер келеді. Бұл — шағын бизнес иелеріне керемет балама. Өйткені сол жерден кәсіпкер шот ашып, онлайн-касса қосып, бухгалтерия жүргізіп, қажет сервистерді қоса алады. Барлық процесс автоматтандырылған. Айына әрі кетсе жарты сағат уақытты ғана алады. Үйде отырып-ақ операцияларды орындай беруге болады.
Необанктердің қызметін шағын кәсіп иелері ғана емес, геймерлер, студенттер, саяхатшылар, спортшылар да қолдана алады. Жалпы алғанда кез келген адамға ашық. Необанктер саланы таңдап, аудиторияға не қажет екенін терең зерттеп, әдетте банктердің назарына тыс қалатындарына арнап өнім жасайды. Былайша айтқанда, банктер — ішінде бәрі бар гипермаркет. Ал необанктер болса, белгілі бір өнімдерден тұратын шағын дүкен іспеттес. Гипермаркетте баратын адам көп болатыны анық. Бірақ дүкендерге де баратындар табылады. Необанк пен дәстүрлі бантктерге осындай аналогия жасауға болады.
Әлемдегі танымал необанктер
Айтқандай, кейінгі жылдары әлемнің түкпір-түкпірінде необанк ашылып, саны көбейіп келеді. Сондықтан клиенттер бірнеше необанк провайдерлерінің арасынан таңдай алады. Әлемдегі ең танымал үш необанкке тоқталайық:
- Chime — бизнес-банкиңге бағыттылған банк. Мұнда кредит картасымен де, дебет картасымен операциялар жүргізуге болады. Сонымен бірге қолма-қол ақша, тікелей депозиттен де транзакциялар жасай аласыз. Тегін қызметтері бар. Пайыз мөлшерлемесі де өте төмен. Сонысымен де кәсіпкерлерді қызықтырады. Әрі FDIC сақтандыруы бар. Яғни алаяқтарға тап болмайтындар берік қорғаныс жасалған.
- Nubank — Бразилиядағы ең ірі әрі тәуелсіз дижитал банктердің бірі. 2021 жылы құны 45 миллиард долларға жеткен. Банктен жеке және бизнеске арналған екі түрлі шот ашуға болады. Сондай-ақ, дижитал төлем шоттары, кредит және дебет карталар, жеке карталар, сақтандыру және т.б түрлі қызмет бар. Бразилияның Орталық банкінен лицензия алған. Ел аумағында табысты жұмыс істеп жатыр.
- Revolut — киленттеріне необанк қызметтерін ұсынатын британиялық FinTech-компания. 2021 жылғы дерек бойынша, Revolut қолданушыларының саны 15,5 миллион болған. Компания арқылы халықаралық ақша аударымдарын жасауға болады. Сонымен қатар еурода шот ашу тегін. Банкоматтардан ақша шешіп алуға комиссия ұстамайды.
Есте ұстаңыз
- Необанктер — бірқатар танымал қаржылық сервистерді мобайл қолданбалар арқылы ұсынатын компаниялар.
- Мұнда кеңсе болмайды. Қатаң заңды регламенттерге бағынбай жұмыс істей алады. Клиенттеріне дәстүрлі банктерде жоқ, танымал сервистерді ұсына алады. Мәселен геймерлерге арналған необанктер болуы мүмкін.
- Необанктердің дені — инвестициялық даму моделі бар IT-компаниялар. Олар жарыққа шыққан соң инвесторлардың капиталына өмір сүреді. Сондықтан банк лицензиясын алуға шамасы келе бермейді. Банктермен серіктесіп жұмыс істеп, инфрақұрылым шығындарынан айналып өтеді.
- Необанктер кез келген елден ашыла бермеуі мүмкін. Себебі ел ішіндегі заңнамалар бойынша кейбірінде тыйым салынады.