Ақпанда теңге бағамы доллар мен еуроға қатысты әлсіреді

Жарияланды
Ақпанда теңге мен доллар бағамы қалай құбылды? / Архив: kursiv.media

Бірінші кредиттік бюро ақпан айындағы теңге бағамының динамикасына қатысты кезекті шолуын жариялады. Өткен айда төл валютаның динамикасы қаңтардағыдан да нашар болды. Себебі теңге доллар мен еуроға қатысты әлсіреді.

АҚШ валютасының бүгінгі бағамы 450,61 теңгені құрады. Бұл 1 ақпандағымен салыстырғанда 2,87 теңгеге жоғары. Ай сайынғы деңгейде теңгенің бұлай әлсіреуі қыркүйек айынан бері алғаш рет байқалып отыр. Нәтижесінде доллар бағамы бірден 14,78 теңгеге қымбаттады.

Ал еуро бағамына келсек, көрсеткіш 488,91 теңгеге тең. 1 ақпаннан бері төл валюта еуроға қатысты бірден 4,41 теңгеге құлдырады.

Теңгеге шаққанда тек Ресей валютасы әлсіреді. Рубль 1 ақпанда 4,97 теңге болса, 1 наурызда 4,99 теңгені құрады.

Айта кетейік, теңгенің долларға және еуроға шаққандағы бағамының құлдырауы Ұлттық қордан шетел валютасын сату көлемінің төмендеуі аясында байқалып отыр. Ақпанда Ұлттық банк оның көлемі 609 миллион долларды құрағанын хабарлады. Бұл қаңтардағы ең жоғары көрсеткіш 1,05 миллиард доллардан айтарлықтай төмен.

«Сонымен бірге БЖЗҚ мүддесі үшін валюта сатып алу да артты. Каңтарда 200 доллар болса, ақпанда 400 млн доллар шамасында. Ұлттық банк көлемді ұлғайту туралы шешімді дәл Ұлттық қордан түсетін ақшамен операциялар бағамына әсер ету аясында қабылдады», – деп хабарлады Бірінші кредиттік бюро.

Еске сала кетсек, ақпанның бірінші аптасында теңгенің долларға қатысты бағамы 1,7% нығайды.

Сарапшылар оған алдағы салық кезеңі ықпал етті деп тұжырымдайды. Ұлттық банктің мәліметінше, апта басындағы доллар бағамы 451,24 теңге болған. Бүгінгі сауда қорытындысы бойынша теңгенің долларға қатысты бағамы 447,08 теңге болды.

Дегенмен қаржы нарығының өкілдері ұлттық валютаның долларға қатысты нығаю циклі аяқталып қалғанын айтады. Бұл цикл 2023 жылдың қарашасынан 2024-тің қаңтарына дейін 3 айға созылған еді.

Ал Freedom сарапшылары доллар жаңа өсу үрдісін бастады деп тұжырымдайды. Дегенмен көп нәрсе ұлттық валютаның 455 теңгеге дейін әлсіреуіне байланысты болмақ.

Қаржыгерлер қауымдастығының болжамы бойынша, наурыздың басында АҚШ валютасының бағамы 455 теңгені құрайды. Бұған дейінгі болжамда қаржыгерлер 1 доллар 457 теңгеден саудалануы мүмкін деген. АҚШ валютасының аздап әлсіреуіне алдағы салық кезеңі әсер етпек.

Қаржы нарығының өкілдері биыл доллар қайта қымбаттап, ұлттық валюта құнсыздануы мүмкін деп отыр. Өйткені қазір нарықта мұнай бағасы құбылып тұр. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі салдарынан теңгедегі құралдардың тартымдылығы төмендейді. Сондай-ақ импорт пен сыртқы қарыз бойынша төлем көлемінің артуы теңге бағамына кері ықпал етеді.

Айта кетейік, былтыр қыркүйек айында теңге құнсызданып, доллар бағамы бірден 6 теңгеге дейін көтерілген. Күндізгі сауда-саттықта доллардың орташа сараланған бағамы 482,24 теңгені құрады. Ал одан кейінгі 3 айда теңге аздап нығайып, жыл соңында доллар 451 теңге айналасында тұрақтаған. 

Ал өткен апта теңге бағамы 0,5%-ға нығайды.

Сондай-ақ оқыңыз