Мемлекеттік күзет қызметіне іріктеу басталады

Жарияланды
Мемлекеттік күзетке іріктеу басталды / Фото: Мемлекеттік күзет қызметі

ҚР Мемлекеттік күзет қызметі өкілдері барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда үміткерлерді таңдайды. Әскери іріктеу 2024 жылғы 1 наурыз бен 5 сәуір аралығында өтеді.

Үміткерлерге келесі талаптар қойылады:

  • жасы 18-27 арасында;
  • бойы 180 см-ден төмен емес, 195 см-ден жоғары емес;
  • білімі орта білімнен төмен емес;
  • денсаулығы жақсы.

«Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разряды бар шақырылушыларға басымдық беріледі», – деп хабарлады Мемлекеттік күзет қызметі.

Мемлекеттік күзетке өткендер мерзімді қызметін Астана және Алматы қалаларындағы 0112 және 0111 әскери бөлімдерінде атқарады.

ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарында мерзімді қызмет сарбаздары Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қорғайды. Сонымен қатар рәсімдік және протоколдық іс-шараларға қатысады. ҚР Мемлекеттік Туы мен ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзету секілді айрықша міндеттерді атқарады.

«ҚР МКҚ әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқару барысында жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске үйренеді. Жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді», – деп хабарлады ведомствода.

КР МКҚ мерзімді қызмет сарбаздарының әрі қарай кадрлық тұрғыдан өсуге мүмкіндігі бар. Мерзімді қызмет аяқталған соң, олар өз қалауы бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыра алады. Одан әрі арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері болуына жағдай жасалады. Сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқаруға мүмкіндіктері бар.
«ҚР МКҚ мерзімді қызмет сарбаздары үшін Қазақстан Республикасында мерзімді әскери қызмет атқарған азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша белгіленген барлық жеңілдіктер қолданылады», – деп түсіндірді ҚР МКҚ.

«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, аталған мекеме енді Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевты күзетпейтін болды.

Мемлекеттік күзет қызметі туралы ереженің жаңа редакциясына берілген түсіндірме жазбада көрсетілгендей, мұндай өзгеріске – «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылуы себеп болған.

Шыңғыс Жақыпов Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз