Жаңалықтар

«Бюджет шығысын шектеу керек»: Қазақстанның макроқаржы жағдайы жақсарған

макроқаржы
Қаржы жағдайының жиынтық индексі қандай? Фото: shutterstock

2023 жылдың IV тоқсанында FCI – қаржы жағдайының жиынтық индексі 1,2 тармақтан 0,6 тармаққа дейін төмендеген. Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда макроқаржы жағдайының жақсарғанын білдіреді. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2023 жылғы IV тоқсандағы «Тәуекел жағдайындағы өсу» есебін жариялады.

Есепте 2023 жылғы IV тоқсанда ХВҚ есептейтін жаһандық қаржы жағдайлардың жеңілдетілгені атап өтілген. Инфляция тезірек баяулап, жаһандық өсім күткеннен де орнықты болған

Жағдайдың жеңілдеуіне ақша және кредит нарықтарындағы пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі, сауда жағдайларының жақсаруы, сондай-ақ әлемдік қор нарығының өсуі себеп болған.

Осы жағдайлар мен ішкі факторлардың арқасында, жыл соңында Қазақстан экономикасының өсімі 2023 жылғы ІІІ тоқсанындағы 4,5%-дан ж/ж 5,1%-ға ж/ж дейін жеделдеді. Ауыл шаруашылығын қоспағанда, экономиканың негізгі салаларында өндірістің ұлғаюынан жалпы ішкі өнім өскен. Оған қоса инвестициялық және тұтынушылық белсенділік жоғары болды.

Макроқаржылық жағдайлардың жеңілдеуі әсерінен экономикалық перспективалар үшін ағымдағы тәуекелдер төмендеген.

Агенттік GaR моделі негізінде 2024 жылы ішкі жалпы өнім өсімі 4,1 пайызды құрайды деп баға береді. Ал 2025 жылға қарай ЖІӨ 5 пайызға жетуге тиіс.

«GaR бағалауы 2023 жылғы IV тоқсанда макроқаржылық жағдайлардың жақсаруы қысқа-және орта мерзімді кезеңде Қазақстанның ЖІӨ-нің орташа шартты өсуін арттыратынын көрсетіп отыр. Ағымдағы макроқаржылық жағдайлардың әсерін ескере отырып, GaR моделі негізінде есептелген экономиканың өсуі бойынша ҚР Үкіметінің базалық болжамының үлестіріліміне сәйкес ЖІӨ-нің медиандық өсуі 2024 жылы 4,1% және 2025 жылы 5,0% деңгейінде бағаланады», делінген есепте.

Есепте макроқаржы жағдайы мен макрокөрсеткіштер индекстерінің серпіні, FCI жаһандық индексі және негізгі тұжырымдар жазылған.

ҚНРД алдағы уақытта ақша-несие саясатын мұқият жүргізу керек деп пайымдайды. Оған қоса бюджет шығысын шектеу керегін алға тартады.

«Жалпы алғанда экономикалық перспективалар үшін тәуекелдер теңдестірілген. Орта мерзімді кезеңде инфляцияның нысаналы мақсатты деңгейге дейін төмендеуін қамтамасыз ету үшін мұқият монетарлық саясат жүргізу керек. Мемлекеттік қаржы және буферлік резервтердің болашақ күйзелістерге орнықтылығын қамтамасыз ету үшін бюджет шығыстарының өсуін шектеу бойынша неғұрлым батыл күш-жігер мен ойластырылған бюджеттік шектеу қажет», деп жазылған есепте.

FCI жиынтық индексінің оң мәні неғұрлым қатаң/шектеулі жағдайды, ал теріс мәні неғұрлым қолайлы/жеңілдететін жағдайды білдіреді.

Бұған дейін ҚНРДА цифрлық қаржы құралдары нарығының құқықтық негізін әзірлейтінін хабарлаған.