Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер 11 трлн теңгеге дейін төмендеді

Жарияланды
Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер төмендеді/ Архив: kursiv.media

Банк секторының активтері 2024 жылғы қаңтарда 0,7%-ға немесе 0,4 трлн теңгеге азайды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпандағы есебінде жазылған.

2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша активтердің жалпы көлемі 51,1 трлн теңгені құрады. Бұған несие портфелінің 1,5%-ға немесе 438,5 млрд теңгеге төмендеуі ықпал етті.

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 15,3 трлн теңгені немесе активтердің 30,0%-ын құрады. Бұл банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Қаржы ұйымдарының меншікті капиталы ұлғайды

Банктердің меншікті капиталы 2024 жылғы қаңтарда 3,5%-ға 7,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,3%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,5%-ды құрады. Аталған көрсеткіш заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

Банк секторының міндеттемелері 1,4%-ға 44,0 трлн теңгеге дейін азайды (міндеттемелердің құрылымындағы үлес 45,3%). Бұл 2024 жылғы қаңтарда жеке тұлғалар салымдарының 2,5%-ға 19,9 трлн теңгеге дейін төмендеуі нәтижесінде болды.

2024 жылғы қаңтарда екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 0,3%-ға 27,9 трлн теңгеге дейін төмендеді. Оның ішінде ұлттық валютада 0,1%-ға, 25,8 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 2,7%-ға 2,1 трлн теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде кредиттердің теңгемен үлесі 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 92,3%-дан 92,5%-ға дейін ұлғайды.

Бизнеске берілген несиелер азайды

Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер 2024 жылғы қаңтарда 11 трлн теңгеге дейін 2,3%- ға төмендеді. Олардың құрылымындағы заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 9,4 трлн теңгеге дейін 2,9%-ға азайған. Оның ішінде ШОБ субъектілеріне берілетін қарыздар 2,9%-ға 5,5 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске берілген қарыздар 3,0%-ға 3,9 трлн теңгеге дейін төмендеді.

«Төмендеу корпоративтік сектордағы кредиттік белсенділіктің маусымдық баяулауына, қолданыстағы кредиттерді жоспарлы өтеуге, сондай-ақ теңгенің АҚШ долларына нығаюы аясында валютамен берілген  кредиттерді қайта бағалауға байланысты болды», – деп хабарлады ҚНРДА.

Бұл ретте жеке кәсіпкерлерге берілген кредиттер 2024 жылғы қаңтарда 1,6%-ға 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

2024 жылғы қаңтарда дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер 1,2 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берді, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,9%-ға артық.

Берілген кредиттер көлемі артты

Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы қаңтарда 1,1%-ға ұлғайып, 16,9 трлн теңгені құрады.

«Кредиттердің өсуі ипотекалық кредиттеудің 0,5%-ға 5,3 трлн теңгеге дейін ұлғаюына байлынысты. Сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 1,3%-ға 10,4 трлн теңгеге дейін өсуі ықпал етті», – деп хабарлады ҚНРДА.

Қаңтарда ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі бизнес субъектілеріне қатысты 19,9%-ды (2023 жылғы желтоқсанда – 19,6%), халыққа қатысты 19,8%-ды (2023 жылғы желтоқсанда – 16,8%) құрады.

Кредит портфелінің сапасы тұрақты

Несие портфелінің сапасы тұрақты болып қалып отыр. 1 ақпандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 2,9%-ын немесе 887 млрд теңгені құрады (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 2,9% немесе 863 млрд теңге).

ШОБ-ты есептегенде заңды тұлғалардың портфелінде NPL90+ қарыздарының деңгейі 2,3%-ды немесе 285 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде 3,6%-ды немесе 603 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 74,1%-ды құрайды (01.01.2024ж. – 76,0%).

Жеке тұлғалардың да, заңды тұлғалардың да депозиттері азайды

Депозиттік ұйымдардағы резиденттердің депозиттері 2024 жылғы қаңтарда 2,5%-ға 33,8 трлн теңгеге дейін төмендеді. Заңды тұлғалардың депозиттері 2,6%-ға 15,4 трлн теңгеге дейін азайды. Ал жеке тұлғалардың депозиттері 2,5%-ға 18,4 трлн теңгеге дейін төмендеді. Бұл маусымдық факторға, валюталық депозиттердің қайта бағалануына байланысты болды.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2024 жылғы қаңтарда 2,4%-ға 26,0 трлн теңгеге дейін төмендеді. Шетел валютасында 3,0%-ға 7,8 трлн теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде 1 ақпандағы жағдай бойынша долларландыру деңгейі 2024 жылдың басындағы 23,2%-дан төмендеп, 23,1%-ды құрады.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 14,3%-ды (2023 жылғы желтоқсанда – 14,6%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 14,0%-ды құрады (2023 жылғы желтоқсанда – 13,7%).

Банктер қанша табыс тапты?

2024 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 198 млрд теңге болды. Бұл 2023 жылғы қаңтардан 17,1%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 4,7%-ды (2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша – 3,8%), капитал рентабельділігі (ROE) 35,9%-ды (2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша – 31,3%) құрады.

1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар. Оның 11-і шетелдіктердің қатысуымен, 8-і еншілес банк.

2023 жылы банк секторы бизнеске 16 трлн теңге жаңа несие берген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22% немесе 2,9 трлн теңгеге артық.

Сондай-ақ оқыңыз