2023 жылғы өсімнің жартысына тең: KASE индексі ақпанда 12,8% қосты

Жарияланды
Шығарушы редактор
индексі
Қазақстан қор биржасының индексі жақсы өсім көрсетіп жатыр. Фото: kursiv.media

Ақпан айында KASE индексі 12,8%-ға өсіп, 4 803,18 тармақты құраған. Бұл көрсеткіш – бүкіл 2023 жылғы өсімінің жартысына жуық (27,9%). Жыл басынан бері индекс 14,7%-ға өскен. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары оның өсіміне не әсер еткенін талдайды.

Сарапшылар KASE индексі негізінен Банк ЦентрКредит, Kcell және Халық банкі акцияларының қымбаттауы есебінен өскенін атап өтті. Ақпанда БЦК акцияларының бағасы бірден 40%-ға, ұялы байланыс операторының акциялары – үштен бір есе, ал Халық банктыкі – төрттен бір есе қымбаттаған.

«Елеулі корпоративтік оқиғалар болмағандықтан. бұл жағдай компаниялар 2023 жыл нәтижесінде күшті қаржылық нәтиже көрсетеді деген үміт және сондай-ақ «Эйр Астана» IPO-нан қалған қаражатты пайдаланумен байланысты болуы мүмкін», – дейді сарапшылар.

Бұған дейін ҚҚҚ сарапшылар KASE индексі 2023 жылы шамамен үштен бір есе өскенін жазған. Мамандар индекс өсімін компаниялардың күшті қаржы нәтижесі, дивиденд төлеудің артуы, акцияларды кері сатып алу, жоғары рейтинг, жеке инвесторлар қатарының көбеюі, теңгенің нығаюы, сондай-ақ ақша-несие саясатының жеңілдетумен байланыстырған.

29 ақпан күнгі сауда нәтижесінде KASE индексі 0,03%-ға төмендеген. «ҚазТрансОйл», БЦК және «ҚазМұнайГаз» акциялары 1 пайызға арзандады. Бірақ Kcell мен Kaspi акцияларының құны 1 пайызға өсті.

Қазіргі кезде KASE сауда-саттық тізімдерінде 237 эмитенттің 656 атауындағы мемлекеттік емес бағалы қағазы бар.

Былтыр KASE-де жиынтық сауда-саттық көлемі 410,7 трлн теңгені құраған. 2022 жылмен салыстырғанда сауда 57,0 % немесе 149,1 трлн теңгеге өскен.

Акциялар нарығының капиталдандырылуы бір жылда 26,4 %-ға өсіп, 26,7 трлн теңгеге жетіпті.

2023 жылы акциялар сауда-саттығы көлемі 2022 жылға қарағанда 8,5 %-ға немесе 26,3 млрд теңгеге өсіп, 333,6 млрд теңгені құраған.

2023 жылы KASE индексінің мәні 4 187,4 тармаққа дейін жетті.

Былтыр 36 жаңа эмитенттің бағалы қағазы листингтен өтті: екеуі – акциялар секторында, бесеуі – KASE Global секторында, 28 корпоративтік облигациялар секторында және біреуі халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздар секторында.

Сондай-ақ оқыңыз