95,6 млн доллар: AIX биржасындағы сауда-саттық рекорд орнатып жатыр

Жарияланды
Шығарушы редактор
биржасындағы
Ақпан айында AIX биржасындағы сауда-саттық 95,6 млн долларды құраған. Фото: kursiv.media

«Астана» халықаралық қаржы орталығының AIX биржасындағы акция сауда-саттығы 4 ай қатарынан рекорд орнатты. Ақпан айындағы сауда-саттық көлемі 42,2 млн доллар немесе 19 млрд теңгені құраған. Қаңтар айымен салыстырғанда сауда екі есеге жуық өскен. Қаңтарда биржадағы акциялардың сауда көлемі 25,5 млн доллар немесе 11,4 млрд теңге болған.

Ақпан айында Air Astana әуе компаниясының акциялары ең көп сатылса, ал қаңтарда – Polymetal International тау-кен өндіруші компаниясының құнды қағаздарына сұраныс жоғары болған. 2024 жылдың алғашқы айында акциялар сегментіндегі сауданың 37%-на шетелдіктер қатысқан.

AIX биржасындағы жалпы сауда көлемі 95,6 млн долларды құраған (43 млрд тенгеге тең). Қаңтар айында бұл көрсеткіш 43,9 млн долларға (19,8 млр теңге) тең болды.

Былтыр AIX-тегі сауда-саттық көлемі 3 есе өскен еді. 2023 жылы AIX-тегі жиынтық сауда-саттық көлемі 582 млн долларды құраған. Алайда бұл хабарламаларында акция сауда-саттығы бойынша бөлек дерек келтірмеген еді.

Биржадағы былтырғы басты жаңалық – Polymetal International plc. бастапқы листингінің AIX биржасына ауыстырылуы және АХҚО-ға редомициляциясы болды. Соның арқасында биржадағы акциялармен сауда көлемі артты.

Polymetal International plc. акцияларының бастапқы листингін Лондон қор биржасынан AIX-ке ауыстырған және АХҚО-да тіркелген алғашқы эмитент болды. Қазіргі уақытта нарықтық құны 2 млрд доллар болатын Polymetal – АХҚО-да тіркелген ең ірі компания және AIX-те саудаланатын ең ірі тау-кен компаниясы.

AIX Qazaq Index биржалық индексі былтыр 948.36-дан 1217.38 тармаққа дейін жетіп, 28.37% өсім көрсеткен. 29 ақпанда AIX Qazaq Index (QI) 1268,74 тармаққа жетіп, бір күнде 0,3%-ға төмендеді.

Қаржыгерлер KASE индексі ақпан айында 12,8% қосып, 4 803,18 тармақты құрағанына назар аударды. Бұл көрсеткіш – бүкіл 2023 жылғы өсімінің жартысына жуық (27,9%). Жыл басынан бері индекс 14,7%-ға өскен.

Қос биржа қашан бірігеді?

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев AIX пен KASE-ні біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін көтерген еді. Президенттің айтуынша, олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады.

KASE биржалар бірден бірікпейтінін, тек қосылу схемасы жайлы шешім қабылданатынын түсіндірген. Қор биржасының төрағасы Алина Алдамберген KASE мен AIX екі түрлі құқықтық режимде жұмыс істейтінін және екі түрлі реттеушіге бағынатынын айтып өтті. KASE-де AIX құралдарымен еркін сауда жасауға болады деп болжанып отыр. Сондай-ақ құралдар тізімі де кеңейтілмек. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова қос биржаны біріктіруде Қатар елінің тәжірибесіне сүйенеміз деген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз