1 наурыздан бастап «Отбасы банктің» 9-20-25 тұрғын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталды. «Курсив» сарапшы Айбар Олжаймен тілдесіп, бағдарламаның Қазақстандағы тұрғын үй нарығына қалай әсер ететінін білді.
Сарапшының пікірінше, бағдарлама тұрғын үй нарығындағы бағаның қатты өсуіне әсер етпейді. Себебі бағдарлама мемлекет бюджетінен емес, банк есебінен қаржыландырылып отыр.
«Бір жақсы жері (қаражат – ред.) банктің өзінің табысынан алынып отыр. Яғни бюджетке, мемлекетке ешқандай салмақ салмайды. Нарықтық жағдайда қаржыландырып отыр деп айтса болады. Банк өзі тапқан табысын осы бағдарламаға жұмсайды да, кейін 9 пайыздық ставкамен жыл сайын қайтып отырса, операциялық шығындарды алып тастағанда банк кемінде 6-7 пайыз табыс табатын болады. Осылайша бағдарламаның механизмдері тұрғын үй бағасын қатты көтермейді»,– дейді сарапшы.
Бұдан бөлек, сарапшы «Отбасы банк» осы бағдарламаға деп бөліп отырған 150 млрд теңге азаматтар тұрғын үй алуына үміт сыйлайтынын айтады. Себебі банктердің ставкасы 15-20% аралығында сақталып тұрғанда, 9% мөлшерлемемен үй алу мүмкіндігі неғұрлым көп адамның баспаналы болуына алып келеді.
«Азаматтар үй алуға жинаған ақшаларын тиімді пайдаланып, құрылыс компаниялары өзінің сатылмай жатқан пәтерлерін сатуға мүмкіндік алады. Пәтерлерді сатқаннан кейін жаңа жобаларға кірісуіне болады. Бағдарлама белгілі бір уақыт аралығында қайталанып отырады деген ойым бар», – дейді ол.
Бағдарлама шарттары
Бағдарлама 1 наурыз сағат 15:00-ден (UTC+5) бастап Baspana Market жылжымайтын мүлік порталында (otbasybank.kz) басталады. Өтінімдерді қабылдау 30 сәуірге дейін жалғасады. Бағдарламаға қатысу талаптары:
- 18 жастан 63 жасқа дейін қоса алғанда;
- ҚР азаматтығы немесе қандас мәртебесі;
- ТҚЖ депозиттерінде/депозиттерінде жинақтаудың ең аз сомасының болуы 1 миллион теңгеден кем емес;
- Ең аз мерзімі (жинақтау мерзімі) 18 ай болатын ТҚС депозитінің/депозиттерінің болуы;
- Соңғы 5 жыл ішінде өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінде жылжымайтын мүліктің болмауы;
- Осы қалаларда жылжымайтын мүлік сатып алу үшін Алматы және Астана қалаларында тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы;
- Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
«9-20-25» тұрғын үй бағдарламасы
10 қарашада елімізде тағы бір ипотекалық бағдарлама іске қосылатыны жарияланды.
«9-20-25» тұрғын үй бағдарламасының ықтимал нұсқасы. Бұл жоба әзірлену сатысында. Банк сарапшылары есеп-қисап жүргізіп, шарттарды талдайды. Жоба мақұлданса, «Отбасы банкі» қазақстандықтарды қосымша хабардар етіп, толық ақпарат береді», – деп хабарлады«Отбасы банкі» АҚ баспасөз қызметі.
16 қарашада «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама талқыға түсіп жатқанына қатысты пікір білдірді.
«Бұл бағдарлама әлі басталған жоқ. Бағдарлама біздің жоспарымызда тұр», – деді Ләззат Ибрагимова.
Айта кететіні, жылдық 9% қазақстандық нарықтағы ипотекалық несиелер арасындағы ең төменгі мөлшерлеме болмақ. Бұдан тек «7-20-25» бағдарламасының пайыздыө мөлшерлемесі тһмен, бірақ жыл басынан бері ай сайынғы лимит белгіленіп, аталған ипотека бойынша несие алу қиындай түсті. Мәселен, ипотекаға өтініш қабылдау басталған сәтте қаржы институттарының сайттарына жарты сағаттың ішінде орта есеппен 12 мың адам кіреді екен. Бірақ олардың ішінде ең жылдам әрі құжаттарды дұрыс тапсырғандардың ғана мүмкіндігі жоғары.