Газа аймағында қаза тапқандар саны 30 000 асты

Жарияланды
Газа аймағында қаза тапқандар саны 30 000 асты / shutterstock

Палестина-Израиль қақтығысы басталғалы бері Газа аймағында қайтыс болған азаматтардың саны 5 ай ішінде 30 000 асты. Ақпаратты Газа денсаулық сақтау органдарының өкілдері жариялаған. 

Reuters ақпаратына сүйенсек, 29 ақпанда гуманитарлық көмекті күткен 100-ден астам палестиналық азаматты Израиль әскері атып өлтірген. Алайда Израиль билігі құрбандардың саны бұдан аз болғанын, қайтыс болғандардың көпшілігін гуманитарлық көмекті алып келген көліктер жаншып өлтіргенін айтады. Медициналық бригадаларға жарақаттанғандар саны мен олардың жарақатының ауыр болуына байланысты адамдарды құтқару қиын болған. Ондаған жаралы адам израильдік рейдтен кейін жартылай ғана жұмыс істеп тұрған әл-Шифа ауруханасына жеткізілді.

«Израильдің оккупациялық армиясы Набулси айналма жолында гуманитарлық көмек жүк көліктерін күткен адамдарға қарсы жасаған қырғын», – деп мәлімдеді Палестина президенті Махмуд Аббас.

Израиль әскери шенеуніктері аталмыш оқиғаның екі себебі барын айтты. Бірінші, гуманитарлық жүк көліктері дүрбелең кезінде ондаған адамды жаншып, көлікпен басып кеткен. Екінші себеп жүк көліктерін күтіп тұрған адамдар гуманитарлық көмекке қарай жүргенде Израиль танктеріне тым жақындап, танк оқ жаудырған.

Газадағы қақтығыс

Еске сала кетейік, 7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.  

7 қарашада Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалады. Қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын айтқан. БҰҰ хабарлауынша, Газа аймағында 10 000-ға жуық адам қайтыс болған.

23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымының дүниежүзілік бағдарламасы Газа аймағында зардап шеккендерге азық-түлік таратуды тоқтатқан. Шешімнің қабылдануына сектор тұрғындарының бағдарлама қызметкерлеріне шабуылдауы, қарақшылықтың жиілеуі себеп болған. Босқындарға азық-түлік таратуға келе жатқан жүк көліктерін Вади-Газа кеден бекетінде бір топ аш адам қоршап алып, жүкті тонауға талпынған. Олар оқ атқан. Дүйсенбі күні жүк көліктерінің тағы бір көшін жолда тоқтатып, тонап кеткен. Жүргізушілердің бірі зардап шеккен. Жоба мәлімдемесінде азық-түлік үлестіріп жатқан уақытта да адамдар жиі төбелесетіні жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз