Жаңалықтар

Қайрат Боранбаевтың бюджетке тағы берері бар ма? ҚМА өкілі жауап берді

Қайрат Боранбаевтың заңсыз активтерді қайтару бойынша ісі аяқталмады / Коллаж: kursiv.media

Танымал кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың әлі мемлекетке қайтаратын активтері бар ма? Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.

«Оған қатысты сот үкімі шықты. Ол келтірілген залалды өтеді. Сонымен қатар бюджетке тағы 120 млрд теңге аударды. Қазіргі уақытта бюджетке қосымша (актив – ред.) құяды деп қарастырылуда. Өйткені басқа да қылмыстық істер бар. Оның ішінде, жеке тұлғаның салық төлеуден жалтаруы. Осы істер аясында қазіргі уақытта активтерді қайтару жұмыстары жүргізілуде», – деді Жеңіс Елемесов Мәжіліс кулуарында.

Еске сала кетсек, Қайрат Боранбаев мемлекет мүлкін жымқыруға қатысқаны үшін мүлкі тәркіленді. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырумен алты жылға бас бостандығынан айырылды. 2023 жылдың қазан айында сот Боранбаевтың өтінішін қанағаттандырды. Жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстырды. Боранбаев екі жыл төрт айдан астам түрмеде отырды.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында Қайрат Боранбаевтың бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Атап айтқанда Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.

Сонымен қатар Боранбаевқа тиесілі «Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.

Сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекетке берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық. Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекетке өтті.

Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені болатын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.