Көктемгі шақырту кезінде 20 мың әскери міндетті азамат әскер қатарына алынады

Жарияланды
Жыл сайын әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы 40 мың азамат шақыртылады / Фото: kursiv.media

Әскердегі сарбаздар өлімі жиі бола бермейді. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы, подполковник Руслан Тұрғымбайұлы айтты.

Журналист брифинг барысында министрлік өкілдерінен әскерде сарбаздар өлімі жиі тіркелетінін, әскерден жігіттердің мүгедек болып қайтып жатқан жағдайлары да жоқ емес екенін айтты. Осы орайда министрлік өкілдерінен олардың саулығына кепілдік беру мәселесін қозғады.

«Сіздер әкерге алынған баланың ата-анасының алдында кепілдік бере аласыздар ма? Олар әскерге баласын сеніп жібере ала ма?», деп сұрады журналист.

Өз кезегінде министрлік өкілі кепілдік берілетінін, бірақ оны әскери борышын өтеу машығына үйретуге, тәрбиелеуге кепілдік берілетінін айтты.

«Біз әр азаматқа кепілдік береміз. Олардың әскери дағдыларды үйренуіне, әскери техниканы меңгеруіне кепілдік береміз. Әскерде олар теріс бағытта тәрбиеленбейді», деді Қорғаныс министрлігінің өкілі, полковник Фархат Айдарбаев.

Ал әскерде сарбаздардың өлімі жиі тіркелмейтінін, ондай оқиғалар бірлі-жарымды жағдайларда болатынын мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасын қорғау әрбір азаматтың Отан алдындағы парызы әрі міндеті. Бұл борышын әрбір ер азамат өтеуі керек. Олар әскери дағдыларды үйренуі керек. Сіз өлім жайлы айтып жатырсыз. Ондай жағдайлар сіз айтып отырғандай жиі болады деп айта алмаймыз. Иә, мұндай оқиғалар бірлі-жарымды жағдайларда болатыны, рас. Бірақ бұл оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдары таратып жіберетініне байланысты, көп тіркеліп жатқандай көрінеді. Ал, шын мәнінде, олай емес. Бірінші кезекте азамат әскер қатарына толыққанды санасы қалыптасып келеді. Олардың әскери қызметке жарамды-жарамсыздығы толық тексеріледі. Сарбаздардың денсаулығына бірінші кезекте командирлері жауап береді. Десе де, айта кету керек, әскери қызмет қашан да қаупімен ерекшеленеді. Өйткені онда жауынгерлік дайындық, оқу-жаттығулар, әскери техниканы қолдана отырып жүргізіледі», деді Руслан Тұрғымбайұлы.

Жыл сайын әскерге қанша адам шақыртылады?

ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 1 наурызда жергілікті атқарушы органдар қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссияларымен бірігіп, азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанын бастайды.

Министрлік өкілі, полковник Азамат Досымовтың айтуынша халық санының өсуіне байланысты әскерге шақыртылатындар ресурсы артқан.

«Жыл сайын бізде 200-250 мың әскери міндетті азаматтар әскерге шақыртылады. Жалпы әскерге жарамды 750 мың азамат бар болса, оның 350-400 мыңы денсаулығына, отбасылық жағдайына және басқа да себептермен әскерге жарамсыз. Жалпы бір жылда сол азаматтардың 40 мыңы ғана әскерге шақыртылады. Бізде әскери міндеттілер ресурсы жеткілікті», дейді.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше 2024 жылғы 30 маусымға дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскери құралымдардың қатары 20 мыңнан астам ер-азаматпен толығады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар алынады. Оның ішінде Қарулы Күштерге 9 мың, Ұлттық ұланға 6 мың, Шекара қызметіне 3 мың, Төтенше жағдайлар министрлігіне 300, мемлекеттік күзет қызметіне 300-ге жуық адам қабылданбақ.

Сондай-ақ оқыңыз