Qnet қаржы пирамидасын құрған Қызылорда облысының тұрғынына халықаралық іздеу жарияланды. Ол 59 адамның 60 млн теңгеден астам қаражатын иеленген деп күдіктеледі. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен 2019-2022 жылдар аралығында Қызылорда қаласы мен Қызылорда облысының аумағында Qnet қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша 11.10.1990 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматы Жұбанаев Алмас Оразалыұлына іздеуге жарияланады», – делінген хабарламада.
Агенттіктің хабарлауынша Алмас Жұбанаев заңсыз қызметін жүзеге асыру барысында «Instagram» әлеуметтік желісін пайдаланған. Әлеуметтік желі көмегімен Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларынан адамдарды тартып, тренингтер және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде оның алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен жәбірленушілер құзырлы органдарға шағым түсірген. Жәбірленушілердің жалпы саны 59 адам. Ал келтірілген залал сомасы – 63 373 356 теңгені құрайды.
Іздеудегі азаматқа қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылады.
Qnet қаржы пирамидасына алданғандар
Жалпы елде Qnet қаржы пирамидасынан зардап шеккендер көп. Мәселен, өткен жылдың жаз айында ҚМА «Qnet» қаржы пирамидасын Қызылорда облысы аумағында құрып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінген азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Ол күдікті 2020-2021 жылдар аралығында қаржы пирамидасын құрып, оның қызметіне 38 адамды қатыстырған. Қаржы пирамидасынан зардап шеккен адамдардың қаржылық шығыны 46 млн теңгені құраған.
Ал оның алдында Алматыда Qnet қаржы пирамидасының тағы бір ұйымдастырушысы ұсталды. Ол азаматтардан ақша жинап, біреуінің жарналарының есебінен басқа қатысушыларды байыту мақсатында қайта бөліп отырған.
Астанада өткен жылдың наурызында ұсталған азамат келтірген шығын көлемі – 463 млн теңгені құраған. Qnet қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция түрінде жасырылған.
Айта кету керек, Qnet компаниясын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізген.