Сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі ұсталды

Жарияланды (жаңартылды )
Ерлан Қожағапанов ұсталды /Фото: архив kursiv.media

Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі ұсталды. Бұл ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде Қазақстан Республикасының бұрынғы Мәдениет және спорт Вице-министрі ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын растайды», – деп жазылған хабарламада.

Агенттік нақты атын атамаған күдікті қазіргі уақытта Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Агенттіктің хабарлауынша, тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Кейбір ақпарат құралдарының мәліметінше, жемқорлық күдігіне іліккен бұрынғы мәдениет және спорт министрі Ерлан Қожағапанов. Ол 2017-2019 жылдары және 2021 жылы ҚР мәдениет және спорт вице-министрі лауазымын атқарған.

Ерлан Қожағапанов 1968 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

1992 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. 2006 жылы Ресей Кеден академиясын бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі — заңгер, экономист, қаржыгер, кеден ісінің маманы.

Еңбек жолын 1989 жылы бастаған. 1990-1994 жылдары кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. 1994-2007 жылдары мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда жұмыс істеген.

2007-2013 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 

2013-2016 жылдары ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы, ҚР Футбол федерациясының президенті қызметтерін атқарған.

2016 жылғы желтоқсаннан бастап 2017 жылғы қараша аралығында ҚР Премьер-Министрі кеңесшісінің м. а., кеңесшісі қызметін атқарған.

2017-2019 жылдары — Мәдениет және спорт вице-министрі.

2019 жылғы тамыз айынан 2021 жылдың сәуір айына дейін Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

2021 жылы сәуірде ҚР мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды.

2021 жылы 13 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер -Министрінің өкімімен Премьер-Министрдің кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қызметтен 2022 жылғы сәуірде босатылған.

Сондай-ақ оқыңыз