Банк секторы қалай қадағаланады? – ҚНРДА төрағасы жауап берді

Жарияланды (жаңартылды )
Мадина Әбілқасымова
Фото: Primeminister.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова екінші деңгейдегі банк басшыларымен кездесті. Кездесуде 2023 жылдың қорытындысы шығарылып, банк секторын дамытудың 2024 жылға арналған негізгі бағыттары ұсынылды. Бұл туралы ҚНРДА сайты хабарлады.

2024 жылы Агенттік қадағалау процесінің кешенді моделін құру жұмысын жалғастырады. Осы бағытта агенттік SREP әдіснамасы бойынша қадағалау процесін одан әрі жетілдіруді және AQR басым қадағалау құралдарын, SREP-те қадағалап стресс-тестілеуін біріктіруді жүзеге асырады.

Биыл екінші деңгейдегі банктердің климаттық стресс-тестілеуі әзірлене бастайды. Оған қоса төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу сценарийлерін іске асыру кезінде банктердің орнықтылығы мен ықтимал қаржылық шығынын бағалауға басты назар аударылады.

Агенттік міндеттерінің жеке блогы шоғырландырылған негізде банк топтарын реттеуді күшейтуді және реттеуші AQR рәсімдерін ескере отырып, соңғы сатыдағы қарыздар тетігін жетілдіруді қоса алғанда, Базель қағидаттарын одан әрі енгізуге арналған.

Сонымен қатар агенттік ESG қағидаттарын банктердің қызметіне кезең-кезеңімен интеграциялауды жалғастырады. Екі ұсынымдық құжат – ESG тәуекелдерін басқару жөніндегі нұсқауды және Банктердің кредиттік портфельдерінің көміртегі ізін бағалау жөніндегі нұсқауды әзірлеу мен қабылдау жоспарланып жатыр.

Тағы бір маңызды бағыт – тұтынушылық кредит беру қаупін азайту. Қазіргі уақытта агенттік халықтың шамадан тыс кредит алуын  азайту бойынша жаңа жүйелі шаралар әзірледі және заңнамалық өзгерістерге бастама жасады.

Сенімділігі жоғары кредиттік рейтингі бар шетелдік банктерді елге тарту үшін агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп шетелдік банктерді немесе олардың филиалдарын ашу тәртібіне қойылатын қолданыстағы талаптарды ырықтандыру туралы заң жобасын әзірлейді. Онда құжаттар тізбесін қысқарту және Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарына қойылатын реттеушілік талаптарды төмендету көзделеді.

Айта кетейік, ақпан айының соңында ҚНРДА активтері нарықтың 83,9%-іне және несие портфелінің 84,6%-іне тең 11 ірі банктің AQR және қадағалау стресс-тестілеуінің нәтижесін шығарған еді.

«Банктердің несиелік портфелінің сапасы әлеуетті стрестік сценарилерді есепке алғанда да жақсы болып отыр. Біз аса консерватив көзқарасты ұстанамыз. Бұл – біздің бақылау жаттығуымыз. Банктердің жеткілікті капитал резерві бар, ол экономикалық жағдай одан әрі нашарлаған жағдайда туындауы мүмкін қосымша шығынды өтейді»,  –деді реттеуші басшысының орынбасары Олжас Қизатов ақпан айының соңында.

Банк секторының қадағалау саясатының 2024 жылға арналған негізгі басымдықтары агенттіктің ресми сайтында жарияланады.

Сондай-ақ оқыңыз