Ішкі істер министрлігі артық салмағы бар қазақстандықтарды полиция қызметіне жұмысқа шақырды

Жарияланды (жаңартылды )
задержание
Полиция қызметкерлерінен ең алдымен зияткерлік қабілет талап етіледі / Фото: архив Kursiv.media

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев артық салмағы бар полиция қызметкерлеріне қандай талап қойылатынын айтты.

ІІМ-де өткен брифингте ресми өкілге «Аттестация барысында артық салмағы бар полиция қызметкерлері бұрынғыдай жұмыс істей бере ме?» деген сауал жолданды. Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, жоғары дене дайындығы туралы талап полицейлердің барлық лауазымдарына бірдей қойыла бермейді.

«Бұл талап бірінші кезекте патрульдік полиция мен арнайы жасақ қызметкерлеріне қатысты. Бұл тұрғыда мәселені бақылауда ұстаймыз. Қызметкерлер аптасына кемінде екі рет дене шынықтырумен айналысуға міндетті. Сондай-ақ жыл соңында қызметкерлердің физикалық дайындығы тексеріледі. Қызметкерлеріміз жыл сайын медициналық тексеруден өтеді. Оларға диета мен емделу бойынша ұсыныс-кеңестер беріледі. Біз артық салмағы бар қызметкерлермен осылай жұмыс жүргіземіз», — деді министрлік өкілі.

Ресми өкіл бұл мәселе үнемі бақылауына екенін жеткізді. Сондай-ақ артық салмағы бар қазақстандықтарды полиция саласына жұмыс істеуге шақырды.

«Ең бірінші, қызметкерлерден интеллектуалдық қабілеттер талап етіледі. Өйткені бізде көптеген бағыт бар. Мысалы, ол жақсы IT маманы немесе тергеуші болуы мүмкін. Сол себепті интелектуалды қабілет маңызды. Олар осы профильді бағыттарда жұмыс істей алады. Керісінше, біз азаматтарды жұмысқа шақырамыз. Олар осы профильді бағыттарда еңбек ете алады», — деп толықтырды Шыңғыс Алекешев.

Еске сала кетсек, күнделікті полиция қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану — Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды жедел ашуға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды ІІМ.

Қазірдің өзінде жол жүрісі қағидаларын бұзудың 60% автоматты режимде анықталады. Ал Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бұл көрсеткіш одан да жоғары – 86%.

Қала сыртындағы жолдарды бақылауды патрульдік автокөліктерде орнатылған автоматты бағдарламалық кешендер жүргізеді. Бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан бойынша осындай 60 жылжымалы құрылғы жұмыс істейді.

Тәртіп сақшыларын техникалық тұрғыдан жарақтандыру да белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда әрбір патрульдік қызметкер жеке бейнежетонмен жабдықталған. Ал Астана, Алматы және Петропавлда бейнежетондар арнайы заманауи мобильді бейнекешендерге ауыстырылды.

ІІМ цифрлық шешімдерді пайдалану азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ оқыңыз