Жаңалықтар

Freedom Broker сарапшылары kaspi.kz акцияларын сатып алуды ұсынады

 kaspi.kz акцияларын
kaspi.kz акциялары 34% өсуі ықтимал. Фото: shutterstock.com

Freedom Broker сарапшылары kaspi.kz финтех компаниясының акцияларын сатып алуды ұсынады. Компания акциялары алдағы уақытта 34 пайыз өсім көрсетуі ықтимал. Сарапшылар болжамының өзгеруіне компанияның 2023 жылдың IV тоқсанындағы қаржы есебі әсер еткен.

Kaspi.kz төртінші тоқсандағы қаржы көрсеткіштері компания болжамын ақтаған. Тіпті бірнеше пайызға асып түскен. Сарапшылар финтех есебіне оң баға беріп отыр.

Сонымен қатар кіріс пен таза пайда өсуін жалғастырып, тоқсандық және жылдық есептер бойынша жаңа рекорд орнаған. Айталық, 2023 жылдың IV тоқсанында компанияның таза пайдасы 248 млрд теңгені құраған.

Оған қоса компания басшылығы 2024 жылға арналған жаңа болжамын ұсынды. kaspi.kz 2023 жылы үш сегмент бойынша өзінің өсім болжамын орындаған. 2024 жылға басшылық Marketplace үшін + 70%, төлемдер үшін – + 20% және Fintech үшін -+ 20% кіріс өсімі болжамын ұсынды. Marketplace және Fintech кірісіне қатысты болжамның өсуі сарапшылардың бағасына оң әсер еткен.

Компания басшылығы 2024 жылы таза пайданың өсу қарқыны 25%-ды құрайды деп күтеді.

Компания болжамы сарапшылардың күткенінен де жоғары болғандықтан, kaspi.kz акцияларын бағалаудағы болжамды көтеруге негіз болған. Сарапшылар болжамына капитал құнының шамалы төмендеуі және доллардың құнсыздануы да әсер еткен

«Нәтижесінде 1 Kaspi.kz GDR/ADR үшін мақсатты баға – қазіргі бағадан 34% өсу әлеуетімен 142 долларға дейін жетті. Ұсыныс – «Сатып алу», – деп жазады Freedom Broker.

Компания былтыр жыл соңында Nasdaq биржасына акцияларын орналастырды. Kaspi.kz финтех тобының негізгі акционерлері одан шамамен 1 миллиард доллар табыс тапты.

Есесіне компания Лондон қор биржасынан кетпек. Делистинг 2024 жылдың 25 наурызына дейін өтеді деп күтілуде.Холдинг мұны LSE негізгі нарығындағы сауда көлемінің төмен болуымен байланыстырды. Осылайша компания Лондондағы өзінің ADS және GDR листингінен бас тартуға өтініш берген.