Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісіне Ресей іздеу салды

Жарияланды
Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісіне Ресей іздеу салды / коллаж kursiv.media

Ресей Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийге «орыстарды өлтіруге» шақырғаны үшін федералды және халықаралық іздеу салған. 

ТАСС ақпаратына сүйенсек, Мәскеу соты дипломатты екі айға сырттай қамауға алуға рұқсат берген.

Петр Врублевскийді іздеу туралы ақпарат Мәскеу Басман сотының мәліметтер базасында, сондай-ақ Ресей Федерациясының ІІМ іздеу базасында пайда болған. 

Басылымның мәліметінше, құқық қорғау органдары Врублевскийге «жеккөрушілік немесе араздықты қоздыру, сондай-ақ адамның қадір-қасиетін қорлау» бабы бойынша іздеу салған. Агенттік қылмыстық іске дипломаттың «Украинаның мақсаты – мүмкіндігінше көп орысты өлтіру» деген сөзі әсер еткенін жазған.

Врублевский ісі

Врублевский аталмыш сөздерді 2022 жылы Украина Қазақстандағы елшісі болған кезде қазақстандық блогер Диас Кузаировқа берген сұхбатында айтқан. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі елшінің бұл сөзіне наразылық білдіріп, «дипломатиялық қызмет өкілдерінің қызметіне сәйкес келмейтінін» атап өткен. Қазақстан халқы ассамблеясы да елшінің бұл сөзіне наразылық білдірген. Ресей Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевты шақырып, «мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайтынын айтқан».

2022 жылдың қазан айында Украина президенті Владимир Зеленский Врублевскийді елші қызметінен босатты. Ол бұл қызметті 2020 жылдан бері атқарып келген. Қазір Қазақстанда Украина елшісі жоқ, яғни әлі тағайындалмаған. Ақпан айының басында Ресей Врублевскийді террористер мен экстремистер тізіміне енгізген.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады

Сондай-ақ оқыңыз