2024 жылы пітір садақа көлемі қандай мөлшерде бекітілді – ҚМДБ жауап берді

Жарияланды (жаңартылды )
Пітір садақа
Пітір садақа құны 640 теңге болып бекітілген /Фото: muftyat.kz

Биыл Рамазан қашан басталады? Пітір садақа құны қандай болады? Уақыт белдеуінің ауысуына байланысты ауыз бекіту, ауызашар уақыттары қалай өзгереді? Қадір түні қашан? Бұл сұрақтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы жауап берді.

ҚМДБ өкілінің хабарлауынша, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдердің Ғұламалар кеңесімен келісе отырып, Рамазан айының басталатын уақытын есептеп шығарған.

Нәтижесінде пәтуа саласына жауапты ғалымдарымен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күні 11 наурызға бекітілген.

«Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-інен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді»,- дейді ҚМДБ баспасөз хатшысы.

Сонымен бірге мүфтияттың хабарлауынша, биыл уақыт белдеуінің ауысуына байланысты намаз уақыттары мен ауыз бекіту, ауызашар уақыттары белгіленген. Ол кестені азаматтар ҚМДБ сайтынан жүктей алады. Сайтта облыс, қала, аудан және ауылдың, барлығы 6000 елдімекеннің ораза және намаз кестесі орналастырылған. Оны мына сілтеме арқылы алуға болады.

Еске сала кетсек, мүфтият уақыт белдеуінің ауысуына байланысты 1 наурыздан бастап намаз уақыты өзгеретінін хабарлады. ҚМДБ UTC (Дүниежүзілік үйлестірілген уақыт) +5 уақытына ауысқан сәтте намаз уақыттары да автоматты түрде өзгеретінін, түзетілген намаз кестесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз